Жалпы Жетісу облысы арқылы өтетін 1050 км республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100 %-ды, жергілікті маңызы бар 3 мың км жолдар бойынша 95 %-ды құрайды. Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту туралы баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осылай деді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл көрсеткіштерге бірқатар жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізілді, оның ішінде ірілері ретінде республикалық маңызы бар 498 км «Талдықорған-Достық», 248 км «Сарыөзек-Қорғас» және облыстық маңызы бар 132 км «Талдықорған-Балқаш көлі» бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу жобаларын атауға болады.
Өңір басшысының айтуынша, Жетісу облысы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4,0 мың км. Осы жолдардың нормативтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатында өңірде 2024 жылдан бастап 10 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АСИ) орнатылған.
Сондай-ақ облыс басшысы өз сөзінде апатты көпірлер мәселесінің шешілу барысына да тоқталды.
— Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 108 көпір орналасқан. Оның ішінде 15 көпір апатты деп танылған болатын. Оларды көпірді реконструкциялау және күрделі жөндеу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Бүгінгі күнде 5 көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді, сегізі бойынша қайта жаңғырту жұмыстары биыл күзде толық аяқталады. Жалпы, апатты көпірлер толықтай биыл реконструкциядан және күрделі жөндеуден соң пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, — деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай,
сол сияқты фотосуреттерді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынды.





























