Алғыс айту күнінде Жетісу облысының ауылдық елді мекенінде тағы бір әлеуметтік нысан іске қосылды. Атап айтқанда, Ақсу ауданы Н.Есеболатов ауылында дене шынықтыру залымен біріктірілген 180 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға аудан әкімдігінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, жергілікті ардагерлер, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында жаңа нысанның лентасы қиылып, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Мұнан соң келушілер ғимараттың ішін аралап көрді.
Атап айтсақ, заманауи мәдениет нысанында сахна, көрермен залы, қосымша үйірме бөлмелері бар. Мұнда 4 үйірме — «Ардагерлер» және «Ақ әжелер» ансамбльдері, «Эстрадалық вокал» және «Жас тілші» үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды, оларға 43 адам қатысып жүр. Жаңа нысанда қосымша 5 жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ мұнда спорт зал да қарастырылған. Оның жалпы ауданы – 668 ш. м. Залда волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисімен айналысуға мүмкіндік жасалған, оған қоса жаттығу залы да бар.
Нысан ерекше қажеттілігі бар азаматтардың инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етуге толық бейімделген.
Ауыл тұрғындары бұл мәдениет ошағы 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округ жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және бұқаралық спортты жандандыруға тың серпін беретінін айтады.
— Жаңа мәдениет үйінің ашылуы – тұрғындар үшін үлкен қуаныш, ол ауыл өміріне рухани өзек болады деп ойлаймыз. Бұған дейін мәдениет саласының мамандары ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында отырған болатын. Ал спорт залы тек мектепте ғана болды. Енді жаңа ғимаратта түрлі мерекелік іс-шаралар, қоғамдық жиындар, жастарға арналған спорттық және шығармашылық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Балаларымыз бен немерелеріміз өнермен де, спортпен де еркін айналыса алады. Олардың түрлі үйірмелерге қатысып, өзін жан-жақты дамытуына жағдай жасалған. Осындай игі істің Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келуінің өзі — жақсылық, – дейді ауыл ақсақалы Молдахмет Сағымбаев.
Атап өтсек, жоба құрылысы 2024 жылғы сәуірде басталған болатын. Құрылыстың жалпы ауданы – 2 мың ш.м. астам.
Жалпы, өңірде жыл соңына дейін 9 мәдениет нысаны салынып бітіп, іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды.





























