Жаңа Конституция жобасы – елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды құқықтық реформа. Қазіргі цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі жаңа мазмұнға ие болып отыр. Ақпараттық қоғам жағдайында адамның құқығы виртуалды ортада да сақталуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға ерекше мән берілуі уақыт талабына сай қадам деп білемін.
Біріншіден, жеке деректердің қорғалуы конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік және жеке қызметтер онлайн форматқа көшкендіктен, адамның жеке ақпараты түрлі платформаларда сақталады. Сондықтан дербес мәліметтердің заңсыз пайдаланылуына жол бермеу – мемлекет үшін басым міндеттердің бірі. Бұл норма азаматтардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық қағидатын күшейтеді. Екіншіден, интернеттегі қауіпсіздік пен жеке өмірді қорғау мәселесінің Конституцияда көрініс табуы — киберқылмыстардың, онлайн алаяқтықтың және ақпараттық шабуылдардың алдын алуға бағытталған құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл мемлекеттің тек дәстүрлі қауіпсіздікті емес, ақпараттық қауіпсіздікті де стратегиялық деңгейде қарастыратынын көрсетеді. Сонымен қатар, жаңа жобада әлеуметтік кепілдіктердің күшейтілуі, еңбек құқықтарының қорғалуы және әділетті қоғам құру қағидаттарының айқындалуы Конституцияның әлеуметтік бағыттылығын дәлелдейді.
Асылсейіт СЛАМЖАНОВ, №12 ОМГ мұғалімі





























