⚡️Жаңа Конституция ұлттық кеңістік қорғаушысы
📌Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыдан бекіту. Дәл осындай пайымды әңгімені «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалиция өкілдері ТАТЭК ұжымымен кездесуде сөз етті. Аталмыш ұжыммен кездесуге Ермек Егінбаев, Ришад Тұрғанбай және Асхат Базилов барған еді.
Алғысөзді бастаған Ришад Тұрғанбайдың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат. Ол билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді және мемлекеттік басқару құрылымын тиімді етуді көздейді.
– Қазақстанның жаңа Конституциясында «Ұлы Дала» ұғымы мен мыңжылдық тарихи мұра мемлекеттік құндылық ретінде преамбулада бекітілген. Бұл – өткенге тағзым ете отырып, бабалар аманатына адал болу, ұлттық жадымызды, тілімізді, мәдениетімізді, тарихи құндылықтарымызды жоғалтпау деген сөз. Осы арқылы біз тамырсыз қоғам емес, терең тарихы бар, рухы биік ел екенімізді айқындаймыз. Егер біз тарихымызды құрметтемесек, мәдени мұрамызды қорғамасақ, онда ертеңгі ұрпақ өз тамырын, өз бабаларын білмей қалады. Конституция осы жауапкершілікті мемлекеттің ең жоғары деңгейінде бекітті, — деді спикер.
Ал, Ермек Егінбаев жаңа Конституция жобасындағы саяси жаңғырту нормаларын жан-жақты түсіндіріп, реформаның жүйелік сипатына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді бекемдеу – реформалардың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мұнан соң мінберге көтерілген Асхат Базилов жаңа Конституция уақыт талабы екенін екшеді.





























