Баламалы энергетика, биомедицина, жасанды интеллект Талдықорғанның басым бағыттарына айналады

Талдықорған қаласының Бас жоспарын бекітілді. Онда қала экономикасында болашақта баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, жасанды интеллект, блокчейн сияқты бірқатар бағыттарды дамытуға басымдық берілетіні көрсетілген. Осы орайда басты мақсат — халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін, әл-ауқатын, экологиялық тұрмыс жағдайларын жақсару арқылы адами әлеуетті нығайту, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Бас жоспарға түзету енгізу облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жасалды.  Жалпы бұл жаңа жоспар қала аумағын құрылыс тұрғысынан дамыту стратегиясын, қоғамдық қызмет көрсету жүйесін, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, аумақты абаттандыру, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілері мен қоршаған ортаны қорғау шараларын айқындайды.

Облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, жаңарған Бас жоспарда экономикалық дамумен қатар, қаланың 2050 жылға дейінге жоспарланған даму аумағына сәйкес ең алдымен қоғамдық-іскерлік, өндірістік, рекреациялық, тұрғын аймақтарды, сондай-ақ инженерлік-көлік инфрақұрылымы аймақтарын кешенді түрде жоспарлау көзделген. Аталған кезеңге қарай қала тұрғындарының саны 300 мыңға дейін өседі деген болжам бар.

— Қала халқы санының артуына қарай тұрғын үй қорының көлемі де артады. Аталған мерзімде тұрғын үй қоры 9086,9 ың шаршы метрге детеді деп болжанып отыр. Ал әлеуметтік сала инфрақұрылымды дамыту бағытында бірнеше балабақша, мектеп, емхана салу көзделген. Бұдан бөлек, онкологиялық диспансер салынып, психоневрологиялық интернат салу ұсынылады, — дейді облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасының бөлім басшысы Асанәлі Жаңабай.

Бұл ретте көлік желісі де назардан тыс қалған жоқ, сондай-ақ су, газ, жылу, электрмен жабдықтау және су бұру жүйелерін қамтитын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын одан әрі дамыту көзделген. Сондай-ақ телекоммуникация саласын дамыту, аумақтарды инженерлік қорғау және қаланың санитарлық жағдайын жақсарту шаралары да жоспарланған. Оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды кеңінен насихаттау да қарастырылған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бас жоспардың фотосуретін облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз