Жетісу облысында су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілуде

Жетісу облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне жоспарлы дайындық жұмыстары жалғасуда. Алдын алу шаралары аясында өңірде 3 шақырым қорғаныш бөгеттері салынды және жөнделді, 14,8 шақырым су бұру арналары мен арықтар қазылды, өзендер мен каналдардың 11 шақырым арнасы механикалық тазалаудан өткізілді. Сондай-ақ өзен арналарының 13 шақырымында түбін тереңдету, арнаны түзеу және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені елді мекендерді су басу қаупін азайтуға, инфрақұрылымды қорғауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кезекті профилактикалық рейд барысында облыстық ТЖД қызметкерлері Каратал өзенінің қауіпті учаскелерінде жазғы-күзгі кезеңге арналған инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес атқарылып жатқан іс-шаралардың барысын бақылаудан өткізді.

Атап айтқанда, шамамен 2 мың адам тұратын Тастөбе және Қаражиде елді мекендерінің маңында өзен арнасын механикалық тазалау және түзеу, түбін тереңдету, жағалауды бекіту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда ұзындығы 11 шақырым болатын топырақ үйінділі бөгет салынуда. Бұл ұзақмерзімді жоба 2025 жылы басталған.

– Тастөбе ауылы жағынан бағыттаушы-қорғау бөгеті жеті шақырымға жуық толықтай орындалды. Қаражиде ауылы жағынан кейбір учаскелерде жағалауды бекіту үшін габиондар, яғни тастан жасалған қорғаныш құрылымдары орнатылады. Сонымен қатар, тиімділікті арттыру мақсатында кей жерлерде жағалау бетондалады. Жалпы ұзындығы жеті шақырым болатын өзен арнасын түзеу жұмыстары да жоспарланған. Талдау нәтижелері мұндай шаралардың жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Барлық жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде, – деді Каратал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қуаныш Рақатаев.

Мамандардың айтуынша, «Қазгидромет» РМК метеорологиялық станцияларының деректеріне сәйкес облыстың солтүстік және шығыс бөліктерінде қар қоры норма шегінде, ал облыстың қалған бөлігінде нормадан 11–31 пайызға төмен.

Жалпы өңір аумағында су тасқынына дайындық аясында каналдар, арықтар және су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстары басталды. Сондай-ақ республикалық «Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары шеңберінде авариялық-құтқару қызметтері мен жедел әрекет ету жасақтарының дайындығын тексеру жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фототілші: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз