Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай Жетісу облысында алғаш рет дрон-рейсинг және авиамодельдеу бойынша өңірлік жарыстар өтті. Бұл жарыстар AITU KazRoboDrone 3.0 халықаралық байқауы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара Талдықорған қаласындағы «Jetisu Digital» IT-хабында Жоғары политехникалық колледждің ұйымдастыруымен және облыстық цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен өтті. Байқауға жоғары технологиялар мен ұшқышсыз авиация саласына қызығушылық танытқан мектеп оқушылары мен студенттер қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған байқау өңірде алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, оған 10 жастан 21 жасқа дейінгі 120 қатысушы қатысты. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жастардың ұшқышсыз технологиялар саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
– Турнирдің негізгі мақсаты дрондарды басқаруды үйретумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар қатысушылар өз ұшқышсыз ұшу аппараттарын жобалау мен құрастыруды, сондай-ақ оларды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыруды да үйренеді. Соның ішінде аумақтарды мониторингілеу, өрт сөндіру, іздестіру-құтқару операциялары, инспекциялық жұмыстар мен ауыл шаруашылығын дамыту сияқты дамыған елдерде кеңінен қолданылып жүрген бағыттар да бар. Жобада техникалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Дрондар бағдарламалау, физика, математика, химия және 3D-модельдеу сияқты бірнеше ғылыми пәнді біріктіреді. Сондықтан ұшқышсыз ұшу аппараттарын жинау және бөлшектеу дағдыларын дамыту байқаудың басым бағыттарының бірі болып отыр, – деді «Astana IT University» сеньор-лекторы Зарина Құтпанова.
Үш жас санаты бойынша өткен турнир барысында қатысушылар симуляциялық трассаларда дрондарды басқару арқылы дәлдік, жылдам әрекет ету және стратегиялық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша өңірлік кезеңнің жеңімпаздары анықталып, олар ақпан айында Астана қаласында өтетін байқаудың халықаралық кезеңінде Жетісу облысының намысын қорғайды.
Атап айтқанда, «Junior» санатында бірінші орынды М. Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Борис Сыс иеленді. Ол дрон басқаруды өздігінен үйренген, алдымен симуляторда жаттығып, кейін нақты дрондардың өзіне көшкен. Симулятордағы дайындық оған тәжірибе жинақтауға және техниканың бұзылуынан сақтануға мүмкіндік берген.
– Келесі кезеңде виртуалды ұшудан бөлек, авиамодельдермен жұмыс жүргізіледі. Байқаудың республикалық кезеңіне симуляторда, сол сияқты мини-дрондар санаты бойынша қатысатын шығармын. Онда қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін үшін арнайы жабық алаң қарастырылған, – деді Борис.
Сондай-ақ ол қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуының ерекше құнды болғанын атап өтті.
– Маған қаламыздың өзім секілді жастарымен жарысқа түскен ұнады. Жарысқа дейінгі үш күн ішінде біз басқаларды симулятормен жұмыс істеуге және ұшқышсыз аппараттарды басқарудың негізгі тәсілдеріне үйреттік. Ал байқаудың өзі бір күнге созылғанымен, оған дайындық ауқымды әрі мазмұнды болды, – дейді ол.
«Senior» санатында 20,533 секунд нәтижемен жеңіске жеткен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенті Кирилл Бабиевтің айтуынша, жарыс өте қызықты әрі әсерлі өткен:
– Байқау белгілі бір уақытқа негізделген, кейде қатысушылардың нәтижелерінің арасындағы айырмашылық бір секундқа да жетпейді. Мысалы, менің ең үздік нәтижем 20 секундтан сәл ғана асты, ал қарсыластарыммен арадағы алшақтық бар болғаны бірнеше секунд қана болды. Мұның өзі едәуір психологиялық қысым тудырады. Көрсеткіштерді күтіп, нәтижелерді бақылап, келесі кезеңге өтем бе, өтпеймін бе деп алаңдайсың. Жарыс таңғы сағат 10:00-де басталды: 12:30-ға дейін ересектер тобы өнер көрсетті, ал 16:30-ға дейін жасы кіші қатысушылар бақ сынасты. Жалпы алғанда, байқау өте қызу әрі тартымды болды, – деп пікір бөлісті ол.
Атап өтсек, байқаудың өңірлік кезеңі «Astana IT University» университетінің ұйымдастыруымен, байқаудың бас демеушісі әрі бірлесіп ұйымдастырушысы болған «Қазақстан инжиниринг» ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығы» ЖШС-ның, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының қолдауымен өтті.
Талдықорған қаласында AITU KazRoboDrone 3.0 дрон-рейсингі мен авиамодельдеу өңірлік жарыстарының өткізілуі – облыс жастары арасында ұшқышсыз авиацияны насихаттау мен инженерлік ойлауды дамытудағы маңызды қадам. Мұндай бастамалар жас таланттардың дарынын шыңдап болашақ мамандардың кадрлық қорын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді «Jetisu Digital» ІТ-хабы ұсынды





























