«Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым.
Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр.
Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды.
Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді.
Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл – өте маңызды мәселе».





























