Жетісуда алдағы жылдарда инвестициялық жобалардың арқасында он екі мыңға жуық жұмыс орны құрылады

5

Президент инвестиция тарту жұмысын күшейту туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес Жетісу облысында жүйелі шаралар қолға алынып, бұл жұмыс облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. Мәселен, 2026–2029 жылдары жалпы сомасы 2,8 трлн теңге болатын 79 жобаны іске асыру жоспарланған, нәтижесінде 11,8 мың жұмыс орны құрылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, бұл жобалар ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, жаңартылатын энергия көздерінде, көлік пен логистикада, туризм, қызмет көрсету және басқа да салаларда іске асырылады. Солардың қатарында «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС-ның кен байыту комбинатының, «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласының», «SKYHANSA» ЖШС халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылыстары сияқты іргелі жобалар бар.

— Биылғы жылдың соңына дейін 43 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оларда шамамен 4 мың жұмыс орны құрылады. Бұл ретте «Envision KKS» ЖШС жел электр станцияларын және энергия жинау жүйесін шығаратын зауыттары, «Standart Steel KZ» ЖШС мырышталған жұқа металл өнімдерін полимерлі қаптамада өндіретін кәсіпорын т.б. атап өтуге болады. Осы орайда экономикалық өсу мен инвестиция тартудың маңызды нүктелерінің бірі Қорғас торабы десек, сол екі арнайы экономикалық аймақтың аумағында үш мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 85 млрд. теңгеге 45 жоба іске асырылды, — дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Серік Сәбетайұлы.

Атап өтсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 12,8% өсіп, 611 млрд. теңгені құрады, оның 71%-ы немесе 434,8 млрд. теңгесі жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз