Мемлекет басшысы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл бастама еліміздің технологиялық егемендігін нығайтып, инновациялық экожүйені дамытуға серпін бермек. Президент алға қойған ауқымды міндеттер бүгінде Жетісу облысында қалай жүзеге асып жатыр? Өңірдегі цифрлық трансформацияның барысы мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге енуі туралы Жетісу облысының Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев тарқатып айтып берді.
Айдын Жангелдіұлының айтуынша, Жетісу облысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жай ғана заманауи тренд емес, ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттырудың басты құралына айналған.
«Өңірде өткен жылдан бері интеллектуалды бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе жасанды интеллектінің көмегімен қоғамдық орындардағы жағдайды секундтар ішінде талдап, оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде көшелердегі құқықбұзушылықтың алдын алу көрсеткіші айтарлықтай жақсарды», – дейді басқарма басшысы.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де тың жаңалықтар көп. Талдықорған қаласының көріну деңгейі төмен және апаттық қаупі жоғары учаскелерінде «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылмақ. Видеоаналитика жүйесі жаяу жүргіншілердің санын анықтап, бағдаршам сигналын автоматты түрде реттейді. Бұл жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің күту уақытын қысқартып, жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендетеді.
Цифрландырудың игілігін денсаулық сақтау саласы да сезінуде. Бүгінде облыстың медициналық ұйымдарында PACS телерадиологиялық жүйесі сәтті жұмыс істеп, диагностика уақытын үнемдеп отыр.
«Жақын арада біз CerebraAI технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жасанды интеллект арқылы инсультті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Науқасқа дер кезінде диагноз қою – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі», – деп атап өтті ол.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша да ілгерілеушілік бар. Тұрғындар e-Zhetysu өңірлік платформасы арқылы көптеген мәселелерді қашықтан шешуге дағдыланған. Ал білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін балабақшаларда QR-ваучер жүйесі енгізілуде.
Бұл жүйенің артықшылықтары: балалардың қатысуын нақты бақылау,
қаржыландырудың ашықтығы, «Өлі жандар» жалған тізімдер мәселесін түпкілікті жою, бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді жұмсау.
Жетісу облысындағы цифрландыру қарқыны Президент белгілеген бағытпен үндес. «Біздің басты мақсатымыз – технологиялар адамдарға нақты көмек көрсетіп, медицинаны қолжетімді, көшені қауіпсіз, ал қызмет алуды оңай етуі тиіс», – деп қорытындылады сөзін Айдын Темірбаев.





























