Қоңыр күздің алғашқы күнімен келетін алғашқы қоңырау салтанаты ел аумағында жыл сайын ерекше тойланады. Үш ай демалыстан соң, алтын ұя мектебіне сағына жеткен мұғалімдер мен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Тағы бір оқу жылы артта қалып, жаңа 2023-2024 оқу жылы басталды.
Бұл күні алтын ұясына сағына ұмтылып, шұрқыраса табысатын шәкірттердің ғана емес, білім мен тәрбиені кие тұтқан абзал ата-аналар мен ұлағатты ұстаздың да мерейлі мерекесі. Бұл күні қариялар немересін мектепке жетелесе, табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің көңілі алып-ұшып, алғашқы ұстазымен қауышқанша тағатсыздана асығады. Иә, 1 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінде алғашқы қоңырау соғылып, балалар мектепке барды.
Талдықорған қаласы бойынша 1 қыркүйек күні 33 мыңнан аса оқушы мектепке барады. Олардың 3518-і алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер.
Жалпы білім беретін ұйымдардың, барлығы 26 мектептерде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталып, оқушыларды қабылдауға дайын. Ынтымақтағы жаңа мектеп құрылысы аяқталуға жақын.
Бұған қоса, 1-4 сынып оқушылары биылғы жылдан бастап белгілі бір санатсыз барлығы ыстық тамақпен қамтылмақ. Білім алуға қажетті оқулықпен толық қамтылып отыр. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 12 баспаға 90 мыңдай оқулыққа тапсырыс берілген. Оқу құралдары жеткілікті.
Естеріңізге салсақ, өткен оқу жылы 1263 түлек мектеп қабырғасын аяқтап, қолдарына аттестат алды. Оның 34-і «Алтын белгі» иегері атанса, 93-і ерекше үлгідегі атестатпен бітірді. Айта кетейік, 1263 оқушының 638-і жоғары оқу орындарының білім гранттарын иеленіп, студент атанды. Тағы бір жаңа оқу жылы басталып, оқушыларға білімнің кені мектеп құүшағын айқара ашты. Білімді де, зерек, талантты оқушылардың жетістіктері мол болсын!