Ерғазы Қошанбеков, Жетісу облыстық қоғамдық кеңес төрағасы: Жетісу облысы аграрлы аймақ болғандықтан ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру, өнім өндіру басты факторлардың бірі. Президент осы орайда басымдықтарды атап өтіп, нақты серпіліс жасауымыз қажет екенін айтты. Еңбек етіп жатқан диқаншылардың, егіншілердің мемлекеттен алатын несиені төменгі пайызбен беруді тапсырды. Еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін, техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екендігін, әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғандығын жеткізді. «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»-деді. Жалпы, Жолдауда айтылған бағыттар көңілімізден шықты. Ауылды өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту орынды шешім деп білемін.