Бүгін Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында «Ғажайыпқа толған Жаңа жыл!» атты Президенттік шырша өтті. Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200 бала қатысты. Балалар үшін ертегі кейіпкерлерінің, аниматорлардың, цирк әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен әсерлі шоу-бағдарлама ұйымдастырылды. Ерекше кейіпкерлердің бірі ретінде жасанды интеллектің көмегімен басқарылатын роботты атап өтуге болады. Сондай-ақ түрлі ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізілді. Балаларды келе жатқан 2026 Жаңа жылмен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Жастар» Спорт сарайында өткен мерекелік шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен жас өрендер шақырылды.
Мереке флешмоб биімен басталып, аниматорлар мен балалардың көркемөнерпаздар ұжымдары қатысқан театрландырылған қойылыммен жалғасты.
Балаларды Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі құттықтады:
– Бұл тамаша мереке еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан ұйымдастырылып отыр. Президенттік шыршаға өңіріміздің әрбір ауданы мен қаласынан үлгілі, тәртіпті, дарынды балалар шақырылды. Бүгін өздеріңнің осы үздіктердің қатарында болғандарыңды мақтан тұтамыз. Оқуда, өнерде, спортта жаңа жетістіктерге жете беріңдер. Бүгінгі мереке сендерге мол қуаныш, жарқын әсер, жылы естелік сыйласын, – деген Б. Исабаев балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті.
Президенттік шыршаға қатысқан әр бала Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаттарын, планшеттер мен жаңа жылдық тәтті сыйлықтар алды.
Мерекелік шара барысында Аяз ата мен Ақшақар балалар үшін жаңа жылдық шыршаны жарқырата жақты. Цирк әртістері, аниматорлар, қазақ халық ертегілері мен мультфильм кейіпкерлері өнер көрсетіп, мерекеге ерекше рең берді.
Сонымен қатар жарық шоуы ұйымдастырылып, түрлі көңілді байқаулар өткізілді. Балалар өлең оқып, ән айтып, би биледі. Мерекелік шара соңында жас қонақтарға әртүрлі дәмдер мен тәтті тағамдар ұсынылды.
Жаңа жыл қарсаңындағы мерекеге келген балалар әсерін бөлісті.
– Біздің отбасымыз көпбалалы, бәріміз тату тұрамыз, бір-бірімізге әрдайым көмектесеміз. Қазір Қаратал ауданы Жетіжал орта мектебінің 5-сыныбында оқимын. Сабақта үздіктер қатарындамын. «Зерде» аудандық зерттеу жобасының жүлдегерімін, «Кенгуру» зияткерлік ойын байқауының, сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының жүлдегерімін. Бүгінгі шырша мерекесі көңілді әрі қызықты болды, маған қатты ұнады. Барлық достарымды Жаңа жылмен құттықтаймын, – деді Көксу ауданы Жетіжал орта мектебінің 5-сынып оқушысы Айзере Базарбекқызы.
«Айналайын» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Рүстем Қалибеков те Президенттік шыршаға қатысушыларды мерекеге орай құттықтады:
– Мен сабақты үздік оқимын, ән айтқанды, актерлікті жақсы көремін, спортқа қызығамын. Ауыр атлетикадан облыс чемпионымын, «Жас сарбаз» клубының белсенді мүшесімін. Жаңа жылды асыға күтіп жүрмін. Бүгін Президенттік шыршаға шақырылғаныма өте қуаныштымын. Алдағы жылы да өз армандарыма жету үшін алға ұмтыламын, – деді ол.
Атап өтсек, осындай мерекелік шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларында өткізіліп, онда тағы 2 мыңнан астам бала қамтылмақ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков




























