Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісу облысының Лепсі ауылында жаңа көпфункционалды спорт кешені мен жатақхана пайдалануға берілді. Бұл нысанның игілігін Лепсі спорт мектебінің балалары пайдаланатын болады. Жаңа кешеннің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, «ZHERSU» ИПК Бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер меценат Бауыржан Оспанов, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрбек Оралбай, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрмахан Тыналиев, және басқа да атақты спортшылар, ауыл тұрғындары қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада Диас Рахметов облыс әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, өңірде спорт саласын дамытуға жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталды.
— Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс құрылғаннан бері 32 жаңа спорт нысаны салынды, 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 3 спорт нысанын іске қосу жоспарлануда. Лепсі ауылында ашылған бұл кешен – оқу-жаттығу базасы мен жатақханасы бір аумақта орналасқан толыққанды спорттық инфрақұрылым. Ол ауыл жастарына үлкен мүмкіндік беріп, болашақ чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады деп сенеміз — деді ол.
Шараның ресми бөлігінен кейін көпшілік спорт нысанының ішін аралап көрді. Атап өтсек, спорт кешені 160 орындық, ал жатақханасы 244 орынға арналған. Бұл жаңа нысан бюджет қаржысына салынған. Сол сияқты «ZHERSU» ИПК тарапынан жоба аясында қарастырылмаған қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға демеушілік көмек көрсетуде. Қазір спорт мектебінде спорттың бес түрінен – грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, дзюдо, шаңғымен сырғанаудан жүз елу спортта дарынды баланы 10 жаттықтырушы жаттықтырады. Алдағы қосымша спорттың футбол, баскетбол, волейбол түрлерінен жаттықтырушылар тарту жоспарланып отыр.
Көпфункционалды спорт кешені төрт негізгі блоктан тұрады, мұнда жас спортшылардың оқу жаттығу үдерісін толық қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, кешен құрамында татами төселген күрес залы, жекпе-жекке арналған мамандандырылған залы, волейбол мен баскетболға арналған ойын залдары, тренажер залы, душ және киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, массаж бөлмесі, психолог кабинеті, конференц-зал және басқа да әкімшілік және қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Мұндай заманауи нысанның ауылда бой көтергеніне лепсіліктер дән риза.
— Ауылымызда осындай жаңа, кең спорт мектебі салынғанына қатты қуандық. Немерелерімді осы мектепке бергім келеді, өйткені мұнда олар спортпен шұғылданып, денсаулықтарын шыңдай алады. Спортпен айналысуға мұнда барлық жағдай жасалғанын, жатақханасының да жақсы жабдықталғанын көрдік. Енді мықты жаттықтырушылар болса, бұл мектептен Қазақстанның атын шығаратын спортшылар шығады деп сенемін, — деді зейнеткер Асқар Хавкей.
Жас спортшы Жанат Кенжебайұлы жаңа жаттығу залына алғашқылардың бірі болып баратынын айтады.
— Мен үш жылдан бері дзюдомен айналысамын. Біз осыған дейін ауыл мектебінде дайындалатынбыз, енді жаңа Лепсі шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы жерде жаттығып, талай жеңіске жетемін деп сенемін, — дейді 9 сынып оқушысы Ж.Кенжебайұлы.
Атап өтсек, облыстағы спорт мектептерінде 23 мыңнан астам тәрбиеленуші спорттың 61 түрімен шұғылданады. Ал өңірде дене шынықтыру және спортпен айналысатын адамдар облыс халқының 42 % құрайды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Алакөл ауданының әкімдігі ұсынды.





























