Қызылша қаншалықты қауіпті?

3

Қызылша – жоғары жұқпалылық деңгейі бар жедел вирустық инфекциялық ауру, оның қоздырғышы – қызылша вирусы. Бұл ауру 40,5°C-қа дейінгі жоғары температурамен, ауыз қуысы мен жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабығының қабынуымен, конъюнктивитпен, денедегі дақты тері бөртпесімен және интоксикациямен сипатталады.

          Жұғу жолдары: Қызылша ауа-тамшы жолымен таралады, вирус жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде сыртқы ортаға көп мөлшерде бөлінеді. Қызылша – әлемдегі ең жұқпалы аурулардың бірі. Жұққыштығы 90%-ды құрайды, яғни науқас адаммен байланыста болған 10 адамның 9-ы бұл вирусты жұқтыруы мүмкін. Жұқтырған сәттен бастап алғашқы белгілер пайда болғанға дейін 9-17 күн өтеді. Осы кезеңде адам ешқандай белгілер байқамаса да, айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін. Ауру жіті басталып, тұмау немесе басқа тыныс алу жолдарының инфекциялары сияқты көрінуі мүмкін.

Қызылшаның алғашқы кезеңдегі жалпы белгілер: 38-39°C дейін қызба, мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, көздің шырышты қабығының қызаруы, конъюнктивит, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі.

        Қызылша қалай жұғады? Көбінесе қызылша ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сілекей тамшыларымен ауаға шығып, онда 2 сағатқа дейін белсенді күйде сақталады.

        Қызылшаны емдеу: Қызылшаның арнайы емі жоқ. Медициналық көмек науқастың жағдайын жеңілдетуге, белгілерін азайтуға және асқынулардың алдын алуға бағытталады.

        Қызылшаның алдын алу: Қызылшадан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Аурудың таралуын болдырмау үшін халықтың жоғары деңгейде вакцинациямен қамтылуы қажет. Балаларды вакцинациялау деңгейінің төмендеуі қызылшаның өршуіне әкелуі мүмкін. Қазақстандағы Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, балаларға қызылшаға қарсы вакцинация 12-15 айында және 6 жасында жүргізіледі.

 

Асхат Чарапиев, Жетісу облысы СЭБД басшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз