Мектептегі оқу жүктемесі

3

Оқу жүктемесі – әрбір жас тобы үшін оқу сағаттарымен өлшенетін оқу-тәрбие процесіне қатысудың нормаланатын жиынтығы.

Оқу сағаты – сабақтың (жаттығудың) немесе дәрiстердiң сабақ басталғаннан үзiлiске дейiнгі ұзақтығы.

Жалпы білім беру ұйымдарында сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Бірінші сыныптарда оқу жүктемесін бірте-бірте арттыра отырып, оқу сабақтарының «сатылы» режимін қолданады. Қыркүйекте үш сабақ 35 минуттан, қазаннан бастап 45 минуттан жоспарланады. Сабақтарда дене шынықтыру минуттарын және көзге арналған жаттығулар өткізіледі.

Бірінші сынып оқушылары үшін бір жыл ішінде қосымша бір апталық демалыстар болуы тиіс. Бастауыш мектепте қосарланған сабақтарды өткізуге жол берілмейді.

Жалпы білім беру ұйымдарындағы апталық оқу жүктемесі сағатпен есептеледі мысалы: 1-4 сынып оқушылары үшін ең көп оқу жүктемесі 24-29 сағаттан аспауы қажет; 5-8 сынып оқушылары үшін 33-36 сағаттан аспауы қажет; 9-11 сынып оқушылары үшін 38-39 сағаттан аспауы қажет.

Кестедегі сабақтар саны ата-аналар комитетімен келісілу қажет.

Сабақ кестесін жасаған кезде бір күн және бір аптаның ішіндегі оқушының ақыл-ой еңбегіне қабілеттілік серпіні ескеріледі және қиындығы бойынша пәндерді саралауға арналған арнайы кесте пайдаланылады.

Мектептің сабақ кестесі міндетті және факультативтік сабақтар үшін жеке жасалады. Факультативтік сабақтар міндетті сабақтардың саны барынша аз күндері жоспарланады.

Жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы үзілістің ұзақтығы кемінде 5 минут, үлкен үзіліс (2-ші немесе 3-ші сабақтан кейін) 30 минутты құрайды. Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға жол беріледі. Үзілістерді таза ауаны барынша көп пайдаланып, қозғалыс ойындарымен өткізеді.

Ауысымдар арасында ылғалды жинау және желдету үшін ұзақтығы кемінде 40 минут үзіліс көзделеді.

Мектепалды сыныптардағы сабақтардың барынша рұқсат етілген саны – ұзақтығы 25-30 минуттан болып төрт сабақтан аспайды. Сабақтар арасындағы үзілістер кемінде 10 минутты құрау қажет.

Мектеп оқушысының денсаулығы мектеп кестесіне де тікелей байланысты болады. Сол себепті, ол балалардың күндізгі және аптадағы ақыл-ой әрекетінің динамикасын ескере отырып құрастырылуы керек.

 

Асхат Чарапиев, Жетісу облысы СЭБД басшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз