Жаңа жылға қауіпсіз сыйлықтарды қалай таңдау керек?

3

Жаңа жыл – дүкендер түрлі-түсті қораптарға, тәтті жиынтықтарға, ойыншықтар мен кәдесыйларға толатын ерекше кезең. Алайда әдемі ораманың артында әрдайым қауіпсіз өнім бола бермейді. Сыйлық қуаныш сыйлау үшін, денсаулыққа зиян келтірмеу үшін оны мұқият таңдау маңызды.

Тәтті сыйлықтар – ең танымал жаңа жылдық тосынсый. Қауіпсіз тәтті сыйлықты қалай таңдауға болады?

  1. Маркировкаға назар аударыңыз. Ол мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы тиіс. Жазуы анық, түсінікті болып, келесі ақпаратты қамтуы қажет: атауы; құрамы; саны; шығарылған күні; жарамдылық мерзімі; сақтау шарттары; өндірушінің атауы мен орналасқан жері; өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атауы мен орналасқан жері; ұсыныстар және (немесе) шектеулер; тағамдық құндылық көрсеткіштері; ГМО бар-жоғы туралы мәлімет; ЕАЭО сәйкестік белгісі.
  2. Қаптамасына қараңыз. Ол таза, бүтін, майысусыз және бұзылусыз болуы керек. Егер қаптама зақымдалған, мыжылған, кірленген немесе ашылған іздері бар болса – мұндай өнімді сатып алмаған жөн.
  3. Әрине, тәттілердің құрамы ерекше назарды талап етеді. Тәтті сыйлық тек дәмді ғана емес, пайдалы да болуы тиіс. Құрамында кілегейлі кондитерлік өнімдер, йогурттар, сүзбе сыркилері, сүт өнімдері бар сыйлықтарды таңдауға болмайды. Сондай-ақ құрамында алкоголь, табиғи кофе, кәмпит-карамель, жержаңғақ, сағыз бар кондитерлік өнімдерді қолдану ұсынылмайды. Тәттілер құрамында консерванттар, бояғыштар, тағамдық қоспалар мүмкіндігінше аз болуы керек.

Балалар да, ересектер де ойыншықтарды жақсы көреді. Сыйлық ретінде қауіпсіз ойыншықты қалай таңдауға болады?

Ойыншықты қолыңызға алған кезде, қаптамасының бүтіндігін тексеріңіз. Маркировканы оқыңыз. Маркировка мемлекеттік және орыс тілдерінде болып, келесі ақпаратты қамтуы қажет: ойыншықтың атауы; өндірілген елдің атауы; өндірушінің, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, олармен байланыс ақпараты; өндірушінің тауар белгісі (бар болса); ойыншыққа арналған баланың ең төменгі жасы; шығарылған күні, жарамдылық мерзімі; ЕАС сәйкестік белгісі.

Қатты химиялық иістің жоқтығына көз жеткізіңіз. Күшті иіс токсикалық заттардың шамадан тыс екенін көрсетуі мүмкін. Жинақ сапасына назар аударыңыз: өткір қырлары жоқ па, оңай сынатын бөлшектер бар ма, жұмсақ ойыншықтардың тігістері мықты ма.

Косметикалық жаңа жылдық жиынтықтарды қалай таңдау керек?

Балалар косметикасы, ерінге арналған бальзамдар, жылтыр қосылған гельдер де жиі сыйлыққа беріледі. Сондықтан нарықта ұсынылған кең ауқымды өнімдердің ішінен қауіпсіз косметиканы таңдай білу өте маңызды. Маркировканы оқыңыз. Парфюмерлік-косметикалық өнімдерге қойылатын маркировкада келесі ақпарат болуы тиіс: атауы; мақсаты; өндірушінің атауы және шыққан елі; өндіруші уәкілеттік берген ұйымның атауы және орналасқан жері; саны; түсі және реңкі (декоративті косметика үшін); ауыз қуысына арналған гигиеналық құралдар үшін фторидтің массалық үлесі; жарамдылық мерзімі және шығарылған күні; сақтау шарттары (егер олар стандарттан өзгеше болса); партия нөмірі немесе партияны анықтауға мүмкіндік беретін арнайы код; қолдану тәсілі; ингредиенттер тізімі; сәйкестік белгісі (ЕАС). Балаларға арналған косметиканың маркировкасында оның балалар үшін екені міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Сыйлықтарды тек тексерілген орындардан сатып алыңыз. Көшедегі бейресми сатылымдардан немесе тіркелмеген интернет-дүкендерден сатып алудан аулақ болыңыз.

Әрбір сатып алушы жаңа жылдық сыйлықтардың қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сатушыдан талап етуге құқылы. Кондитерлік өнімдерге мұндай құжат – сәйкестік декларациясы, ойыншықтарға – сәйкестік сертификаты, ал парфюмерлік-косметикалық өнімдерге оның түріне байланысты – сәйкестік декларациясы немесе мемлекеттік тіркеу туралы куәлік.

Сіз таңдаған әр сыйлық қуаныш пен пайда әкелсін.

 

Самат Ахметов, Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз