Кеше Тіл сарайында Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Шараны Жетісу облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Е.Ақшабаев ашып, қатысушыларды жеңістерімен құттықтады.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, басты мақсат — мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту; өзекті мәселелерді баспа бетінде жариялау, бағдарламаларды насихаттау, сол арқылы тұрғындардың санасын жаңғырту, сондай-ақ, қазақ тіліндегі контентті ұлғайту, аясын кеңейту болып табылады.
Байқауға «Үздік мақала», «Үздік теле-радиобағдарлама» бойынша өңірдің аудан, қалаларынан қаламы ұшқыр, ойы жүйрік 30 кәсіби журналистер мен жекелеген тіл мамандарынан 60-тай материал түскен.
Ережеге сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтары мен 1 тамызына дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттарда, телерадио бағдарламаларында жарық көрген 2 материал қабылданып, әділқазылардың талқысына түсті. Қазылар алқасының қызу талқылап, талапқа сай саралауымен 16 қатысушының материалы жүлделі деп танылды. Бас жүлдеге «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысы бойынша меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек пен «Жетісу» телеарнасының режиссері Данияр Мұстафаев лайық деп табылды. I орынды «Талдықорған» газетінің тілшісі Айдын Кәлімхан иеленді. Басқа жүлдегерлерге де арнайы сыйлық пен дипломдар табысталды. Бас жүлде мен бірінші орын иегерлері байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.