Келер жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілетін Салық кодексіндегі жаңашылдықтар, төлеу тәртібі мен мөлшері бүгінде халық назарында.
Аптаның сәрсенбісінде Талдықорған қалалық мәслихатының депутаттары бастама көтеріп, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша салық мөлшерлемесін төмендетуге байланысты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Оған халық қалалулыларымен қатар мемлекеттік кірістер басқармасының, қалалық әкімдіктің, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі елімізде салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздейді. Бұл елімізде нәсібін кәсіптен тауып жүрген азаматтар үшін бизнес жүргізудің жаңа ережелерін белгілейді. Өздеріңізге белгілі, қолданыстағы Салық кодексі бірнеше рет түзетіліп,өзгертілгенімен ол мемлекет үшін де кәсіпкерлер үшін де аса тиімді болмады. Сондықтан да жаңа құжатқа артылар үміт мол.
Ол біріншіден, кәсіпкерлер мен салық органдарының жұмысын жеңілдетеді, салықтардың жиналуын арттырады,көлеңкедегі бизнестің ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін болады. Ашық диалог форматында өткен талқылауға қатысқан азаматтар салық заңнамасындағы арнаулы салық режимін оңайлатылған декларация негізінде қолданған кезде, салық төлеуші салық салу обьектісіне есепті салық кезеңі үшін өз бетінше мөлшерлемені қолдану арқылы есептейтін, төлем көзінен ұсталған салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесін Талдықорған қаласы бойынша 4 пайыздан 2 пайызға төмендетудің тиімділігі туралы айтып, ойларын білдірді. Жалпы, бұл тиімді мөлшерлеме Талдықорған қаласы бойынша өз нәтижесін беріп, ағымдағы жылы бюджетке түсетін түсімдердің мөлшерін арттыруға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлер оны қуана құптап отыр. Басқосу соңында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестері үшін бірқатар белсенді қатысушыларға Талдықорған қалалық мәслихатының атынан Алғыс хаттар табысталды.
Гүлжанат Мырзалықызы





























