Әрбір әрекет заң аясында ғана жүргізілуі тиіс

62

Қоғамның ең өзекті мәселелерін көтеріп, халық пен биліктің арасында тығыз қатынас орнатуда қоғамдық кеңестің рөлі орасан. Қоғамдық кеңес-жергілікті билік органдарының қабылдайтын шешімдерінің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін кеңесші әрі бақылаушы орган болып табылады.

Мемлекеттік қызмет қашанда қоғамның бақылауында болуы керек. Президент талабы да осы. Кеңес мүшелері қаламыздың өзекті мәселелерін ортаға салып,халық өкілдерінің тиімді ұсыныстарын билікке жеткізуде аянбай еңбек етуде. Барлық әрекет әрине заң аясында жүргізіледі. Күні кеше ғана Талдықорған қалалық қоғамдық кеңесінің 10-шы отырысы өтіп,оның күн тәртібіне Талдықорған қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету туралы және 31 қазанда ТМРКД өткізген жылу тарифтерін көтеру жөніндегі жария тыңдаулардың қоғамдық тыңдауларды өткізудің белгіленген ережелеріне сәйкес еместігін хабарлау туралы мәселе қойылды. «Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы Батыржан Жексембі кеңес мүшелерін Талдықорған қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету туралы Талдықорған қалалық мәслихаты шешімінің жобасымен таныстырды. 2026 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енгізілетін шешім бойынша  арнаулы салық режимін оңайлатылған декларация негізінде қолданған кезде,салық төлеуші салық салу обьектісіне есепті кезеңі үшін өз бетінше мөлшерлемені қолдану арқылы есептейтін, төлем көзінен ұсталған салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесі Талдықорған қаласы бойынша 4 пайыздан 2 пайызға төмендетіледі. Кәсіпкерлер үшін өте тиімді салық мөлшерлемесін кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады. Екінші мәселе-жылу тарифтерін көтеру жөніндегі жария тыңдаулардың қоғам өкілдерінің қатысуынсыз өтуіне байланысты, қоғамдық тыңдауларды өткізудің белгіленген ережелеріне сай келмеуі себепті заңсыз деп танылуын кеңес мүшелері бірауыздан құптады. Жария тыңдауды өткізуге жауапты мекеме басшыларына заң аясында ғана әрекет ету қажеттігі айтылып, оны қайтара өткізу ұсынылды.

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз