Би апа аманаты – мәңгілік өнер

106

4 қараша – Талдықорған қаласының мәдени өмірінде айрықша күн. Осы күні Бикен Римова атындағы драма театры өзінің туған күнін атап өтеді.
Жарты ғасыр – кез келген өнер ұжымы үшін үлкен белес. Бұл уақыт ішінде театр талай көрерменнің ықыласына бөленіп, ел руханиятының ажырамас бөлігіне айналды.

Талдықорғанның төрінен орын тепкен өнер ошағының бұл шежірелі сәтін көрнекті театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай «Талдықорған театры» атты кітабында былай деп суреттейді: «1975 жыл. Талдықорған қаласы. Қараша айының 4-ші жұлдызы. Қала халқы тым көңілді. Қабақтары күлімдеп, көңілдері қуаныш сезіміне бөленген. Сауықшыл қала халқы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына қарай асығып бара жатты». Осы жазбаны оқығанда жаңа құрылған жас өнер отауының облыс, қала жұртшылығы үшін  қаншалықты маңызды екенін ұқпау мүмкін емес. Дәл осы күні театрдың тұңғыш спектаклі ұлы суреткер, сұңғыла жазушы, дарынды драматург Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы көрсетілді. «Залдан естілген көрермендердің сүйіспеншілікке толы дауыстарынан құлақ тұнады… Сол 4 қарашадан 5 қарашаға қараған түнде талдықорғандықтар ұйықтаған жоқ. Театрдың өнері кім-кімді болса да бей-жай қалдырмағаны әбден анық. Таң атқанша думандады. Тойлады», – деп жазылғандай, алғашқы қойылымды тамашалаған жұртшылықтың ерекше ықыласы, ілтипаты әсерлі еді.

Сол тарихи қойылым биыл дәл 4 қараша күні жаңа форматта, заманауи режиссура мен көркемдік шешімдер арқылы қайта сахналанып, жарты ғасырлық мерекенің басты оқиғасына айналмақ.

Елу жылдық өнер сапарында театр ұжымы 216-дан астам қойылымды сахналап, республикадағы таңдаулы шығармашылық ұжымдардың бірі ретінде танылды. Театр сахнасында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов сынды классиктердің туындылары мен қазіргі заман драматургтерінің еңбектері көрерменге ұсынылып келеді.

«Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. Осы  жарты ғасырда театр еліміздің  қоғамдық  өмірімен біте қайнасып, әр дәуірдің тынысын сахна арқылы жеткізді. Социалистік кезең мен қайта құру жылдары, Тәуелсіздіктің алғашқы сәттері мен бүгінгі жаңғыру дәуірі бәрі де театр сахнасында өз бейнесін тапты.

Өнер  ұжымы уақыт сынынан өтіп, қалыптасу, даму, дағдарыс пен қайта өрлеу кезеңдерін бастан кешті. Бүгінде театрдың шығармашылық әлеуеті жоғары, сахналық  тілі айқын, кәсіби ұжымы тұрақты. Театрдың 50-ші маусымы – жаңа ізденістер мен тың көркемдік шешімдердің кезеңі болмақ.

Қазіргі таңда театр репертуарында 26 тұрақты спектакль бар. Олар классикалық және заманауи драматургия бағыттарын қамтып, көрермен ықыласына ие болып жүр.

Театрдың актерлік құрамында тәжірибелі сахна шеберлерімен қатар жас дарындар да табысты еңбек етуде. Әрбір қойылым өмір мен өнердің тоғысқан сәті, адам жанына үңілудің сахналық шебер үлгісі.

Бикен Римова атындағы драма  театры өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени бренді. Ол жарты ғасыр бойы көрерменін ойға жетелеп, эстетикалық талғамды тәрбиелеп, ұлттық  өнердің биік шыңына айналды. Бұл атаулы күн – өткенге тағзым, бүгінге баға және ертеңге сенім. Театрдың рухани миссиясы – халқымыздың мәдени кодын сақтап, ұлт өнерін жаңа биіктерге көтеру. 50 жыл бойы соғып келе жатқан сол жүрек бүгінде де айнымай, елмен бірге, заманмен үндес соғып тұр!

Арай НҰР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз