Өнерде – 50, өмірде – 75 жыл

95

Өнер ордасының шымылдығын алғаш рет ашқан сәттен бері сахна әлемінде жарты ғасырдан астам уақыт бойы адал қызмет етіп, жүздеген кейіпкердің болмысын жан-тәнімен сомдаған майталман тұлғалар, қазақ сахна өнерінің қос саңлағы – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова мерейлі 75 жасқа толып отыр.

Кендебай Темірбайұлы – қазақ театры мен мәдениетінің абыз тұлғасы, ел өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Оның өнердегі жолы мен өмірдегі ұстанымы – шынайылық пен адалдықтың айғағы.

Адамның жан әлемі нұрға толы болса, оның істеген ісі де ізгіліктен бастау алатыны белгілі. Кендебай ағамыз дәл сондай бойына мейірім мен адамдық парасатты ұялатқан, әр ісін қоғам мүддесіне арнаған жан. Ол қандай қызмет атқарса да, оған бар жауапкершілікпен, үлкен абыроймен қарайтын іскер тұлға.

1975 жылы Кендебай Темірбайұлы Талдықорған облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылар қатарында болып, труппамен бірге келіп, театр шымылдығын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымындағы Қозы рөлімен ашты. Сол күннен бастап оның тағдыры сахнамен егіз аталды

Кендебай Темірбайұлының сахнадағы ерекшелігі – адуынды батыр мінез бен ақын жанының нәзіктігін үйлестіре білуінде. Ол Т. Қалилахановтың «Алтын бесігінде» Жәпек батыр мен Барақ сұлтанды, К. Әбдірахмановтың «Қаракерей Қабанбайында» Ақтамберді жырауды, «Мұнар да мұнар, мұнар күнінде» Махамбет Өтемісұлын сомдап, халық құрметіне бөленді.

Кендебай Темірбайұлы тек сахна шебері ғана емес, мәдениет саласының білікті ұйымдастырушысы ретінде де танылды. 1980 жылы Мәскеудегі ГИТИС институтында театр директорларын даярлайтын курсты тәмамдап, Талдықорған театрының директорының орынбасары қызметін атқарды.

Өнер абызы кино саласында да өзіндік із қалдырды. Ол: Т.Теменовтің «Көшпенділерінде» – хан уәзірі, Д.Жолжақсыновтың «Құнанбайында» – би, С. Сарыбаевтың «Бір уыс бидайында» – Доскен, «О, Ләйлада» – Ләйләнің әкесі, «Шабдалыда» – қария бейнесін сомдап, экранда да шынайы кейіпкерлер галереясын жасады.

Кендебай ағамыз соңғы жылдары композиторлық бағытта да танылып жүр. Оның репертуарында Ахмет Кендірбектің «Өмір осы – дүние-ай», Гүлбақыт Қасенованың «Құс қанаты», Ж. Айдаровтың «Ататегімді сағындым», Е.Еркіннің «Аналарға сағыныш» секілді жүрек тебірентер әндері бар.

 

Кендебай Темірбайұлы – театр сахнасына 50 жыл ғұмырын арнап, өнер мен өмірдің өрінде келе жатқан абзал азамат. Оның бейнелеген батырлары мен ақындары, Әлиханы мен Естайы – қазақ руханиятында мәңгі қалатын көркем ескерткіштер.

Кендебай Темірбайұлының жары туралы айтқан сөзі: «Алмаханды алғаш көргенде-ақ оның бойынан өзгеше бір нұр көрдім. Өнерге деген тазалық, шынайылық, еңбекқорлық – соның бәрі табиғатынан бар еді. Біз бірге жүрген жылдарда сахна біздің екінші үйімізге айналды. Алмахан – сахнада ханша болса, өмірде қарапайым, мейірімді жар, парасатты ана. Кейде айтамын: «Біз сахнада қаншама рөл ойнадық, бірақ өмірде өз рөлімізді адал жар мен сенімді серік болуды, ең жақсы атқарып келеміз». Ол менің өмірлік тірегім ғана емес, өнердегі бақытым. Алмахан сахнаға шыққанда залдағы тыныштық өзгереді, ол бейнеге жан бітіре біледі. Мен мұны сан рет сахна сыртында отырып сезіндім. Осындай өнерге берілген адаммен өмір сүру – мен үшін зор бақыт!», — дейді сахна саңлағы.

Алмахан Кенжебекова өнерге деген адалдығы мен сахнаға деген ерекше құрметінің арқасында ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы көрерменнің сүйікті актрисасына айналды.

Сахнадағы әр бейнесін жүрек жылуымен сомдайтын Алмахан Нұрпейісқызы тіпті елеусіз эпизодтық рөлдердің өзіне аса үлкен жауапкершілікпен дайындалатын. Сол шағын көріністердің өзінен үлкен ой мен терең сезімді жеткізе білу – оның кәсіби шеберлігінің басты белгісі.

Талдықорған драма театрының алғашқы сахналық қойылымдарынан бастап бүгінге дейінгі жүздеген спектакльдің басы-қасында болған актриса трагедия, драма және комедия жанрларында да биік кәсіби деңгей танытты.

Алмахан Кенжебекова Талдықорған театрының басты шығармашылық тұлғаларының біріне айналды. Ол Иран-Ғайыптың «Ана аманаты» мен «Естайдың Қорланы» сияқты қойылымдарында өз заманының нәзік те терең аналар бейнесін сахналап, көрерменін толғандырды.

Театрмен қатар, Алмахан Нұрпейісқызы – сазгер әрі әнші. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазған «Сахарада керуендер», «Мәңгіге сен қаларсың», «Туған ел» сияқты әндері халықтың жүрегінен орын алған. Оның орындауындағы көптеген туынды Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.

Актрисаның актерлік, әншілік және сазгерлік қырлары теледидардан көрсетілген «Жүректі қалай жұбатам?» атты фильм-концертінде айқын көрініс тапты. Сондай-ақ, ол «Көшпенділер», «Күнә», «Жеңімпаз» сияқты көркем фильмдерде ана мен әже бейнелерін шынайы сомдап, кино әлемінде де өзіндік із қалдырды.

Бүгінде Алмахан Кенжебекова – Талдықорған театрының алтын діңгегі, сахна мектебінің ұлағатты ұстазы. Ол өзінен кейінгі жас буынға үнемі: «Нағыз әртіс рөлін ойнап қана қоймай, оны жүрегімен сезінуі тиіс. Кітап оқымай, ой тереңдемейді. Театр – тірі организм, оған өміріңді арнамай болмайды. Сахнаға шыққан сәтте өзімді 30 жастағыдай сезінемін. Ал түсіп кеткен соң ғана жастың жетпіс бесті еңсергенін сезесің. Сахна – менің мәңгілік мекенім!», – дейді актриса.

Бүгінде театр ұжымының абыройлы тұлғаларына айналған Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан Нұрпейісқызы – сахна мен өмірдің егіз ұғым екенін дәлелдеген жандар. Өнер атты ұлы әлемге бар ғұмырын арнаған қос тұлға театрдың тірі шежіресі, кейінгі ұрпаққа өнеге, жастар үшін үлгі-өнер мектебі.

Олар тек сахнада ғана емес, өмірде де бір-біріне сүйеніш, өнерде серік болып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы бірге еңбек етіп келеді. Театрдың алғашқы пердесін бірге ашып, сол киелі шаңырақтың қуанышы мен қиыншылығын қатар бөліскен қос өнер иесі бүгінде ұл-қыздарының, сүйікті немерелерінің қуанышына бөленіп отырған ұлағатты ата-әже.

75 жылдық мерейлі белес – олардың өнерге, елге, ұрпаққа сіңірген еңбегінің, сүйіспеншілік пен адалдыққа құрылған өмір жолының мерейлі көрінісі!

Арай НҰР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз