«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала жастары арасында ерекше форматтағы «ECO QUIZ» интеллектуалды ойын өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыру, табиғатты аялау идеясын насихаттау және экологиялық сауаттылықты дамыту болды.
Интеллектуалды ойынға 40 адам қатысты. Қатысушылардың қатарында қала жастары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері болды. Бұл формат экологиялық тақырыпқа қызығушылық танытқан жас буынға өз білімін сынап, жаңа ақпараттармен бөлісуге мүмкіндік берді.
Ойын үш турдан тұрды:
- I тур – «Жылдар сөйлесін». Қатысушыларға қоршаған орта, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экожүйелердің тепе-теңдігін сақтау тақырыптарында сұрақтар беріліп, вариантты жауаптар беріледі.
- II тур – «Сұрақ-жауап». Бұл кезеңде қатысушылар жаһандық экологиялық мәселелер, климаттық өзгерістер, жасыл энергетика және тұрақты даму бағытындағы заманауи бастамалар туралы сұрақтар беріледі, ал қатысушылар өз жауаптарын ұсыныды.
- III тур – «Шығармашылық және логикалық тапсырмалар». Командалар экологиялық тақырыптағы есептерді шешіп, табиғатты қорғауға арналған креативті жобаларын ұсынды.
Сайыс барысында жастар жоғары белсенділік танытып, өздерінің терең білімімен, тапқырлығымен және командалық үйлесімділігімен ерекшеленді. Әр турда әділқазылардың бағалауымен үздік нәтиже көрсеткен топтар анықталып отырды. Нәтижесінде бірнеше команда жүлделі орындарға ие болып, арнайы марапаттармен және сыйлықтармен құрметтелді.
Ойын соңында «Taza ECO» команда капитаны Нурбекқызы Айдана өз әсерімен бөлісті: «Бүгінгі “ECO QUIZ” бізге экологиялық білімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Табиғатты қорғау – тек мамандардың емес, әр азаматтың міндеті екенін тағы бір рет сезіндік. Ұйымдастырушыларға осындай пайдалы әрі қызықты мүмкіндік бергендері үшін алғыс айтамыз!»
Сонымен қатар іс-шара аясында қатысушылар мен көрермендерге экологиялық мәдениет туралы ақпараттық буклеттер таратылып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен суды үнемдеу жөнінде кеңестер берілді. «ECO QUIZ» ойыны – жастардың экологиялық ойлау қабілетін дамытып, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға үндейтін маңызды шара болды. Бұл бастама экологиялық білім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосты.
Таза Қазақстан бойынша постқа хэштегтер:
#TazaChallenge
#ТазаҚазақстан
#TazaQazaqstan
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша





























