«Қайнар-АКБ» зауыты – облыс экономикасын ілгерілетуде және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда елеулі үлес қосып келе жатыр. Бүгінде бұл өндіріс орны өңірдегі ең ірі кәсіпорын болып саналады. Мұнда мыңнан астам адам тұрақты түрде еңбек етуде. Соның бірі – аккумулятор пластиналарын даярлау цехының тәжірибелі қызметкері, өзіне жүктелген міндетке адал, жауапкершілігі жоғары маман Руслан Желгелдинов. Ол өндіріс үдерісінің маңызды буыны ретінде жұмыс нәтижесінің сапалы шығуына тікелей үлес қосады. Отандық жергілікті өнімнің әлемдік нарықта кеңінен танылуы ұжым мүшелерінің осындай тынымсыз еңбегі мен сапаға деген адалдығының айғағы десек артық болмас.

Аталмыш учаскеде аккумулятордың «жүрегі» саналар бөлшегі, маңызды элементі даярланады. Ол бұл салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Негізгі міндеті – шикізатты қабылдау және дайындау, қорғасынды балқыту, одан тор түріндегі пластиналарды құю, оларды кептіру және өңдеу. Әрбір іс нақты технологиялық нұсқаулықтарға сай орындалады, себебі, азғантай қате аккумулятордың сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан аталмыш процесс жоғары зейін мен ұқыптылықты қажет етеді. Жұмыс барысында заманауи технологиялар мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігін арттыруға баса назар аударылады. Кейіпкеріміз әр қадамына мұқият, жұмысына тиянақты, зауыттың абыройын арттыруды көздейді.
Руслан Сейтқұлұлы «Еңбектің маңыздылығын, құндылығын жете түсініп өскен ұрпақтың біріміз. Ата-анамыз жастайымыздан адал азамат болу ұғымын, еңбекқор болу идеясын санамызға сіңірді. Содан болса керек жұмыстың жеңіл-ауырына қарамастан, бастысы ризық-несібені адалынан табуды мақсат ететіндігіміз. Бүгінгі таңда өзім басы-қасында жүрген мекемеде түрлі салада қолданылатын аккумулятор батареяларының 50-ден астам түрі шығарылады. Өнімдеріміздің сапасы жоғары, сондықтан Ресей, Қытай, БАӘ, Италия, Польша сияқты шет елдерге де кеңінен танымал. Өз қолымызбен жасалған отандық өнімнің шет мемлекетте сұранысқа ие болуы әрқайсымыз үшін үлкен мақтаныш, мәртебе. Осындай ірі өндірістің дамуына өз үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын» — дейді. Ол үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл қарекеттің қадірін сезіну. Оның қолынан шыққан әр бұйым – ел игілігіне қосылған үлес, еңбектің мәңгі өшпес ізі.





























