31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу  күніне орай үндеу жариялады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Елбасы 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланғаны белгілі..

Ал,зерттеушілер деректеріне сүйенсек, Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.

«Халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты.

Жалған халық жауларымен күрес концлагерьлердің құрылуына жағдай жасады (Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР). Көптеген аудандар тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай — сай қаруланған әскермен күзетілді. Кейінірек атылған адамдарды жаппай жерлеген жерлер анықтала бастады. Сондай орындардың бірі Алматы түбіндегі Жаңалық ауылының жанынан кездейсоқ табылды. Мұнда 1937-1938 жылдары атылған белгілі жазушылар, қоғам қайраткерлері жерленген.

Қазіргі таңда Алаш арыстарының өмірі мен жарқын істері жас ұрпаққа қалай насихатталып жүр деген сауал туындайды. Бұл сауал тұрғысында Талдықорған қаласындағы №28 IT мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Минуар Баймолданова өз пікірін білдірген еді.

«Кез келген өркениеті кемелденген ел өз тарихын қастерлейді. Оны ұрпақтар санасына енгізуге жағдай жасайды. Өйткені, тарих халықтың мыңдаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі, асыл қазынасы. Сондықтан да, Тәуелсіздік алғаннан бастап жаңа тарихымыз болу керек.

 Бәрімізге белгілі, ақтаңдақ болып, зерттеуге тыйым салынған сталиндік қуғын-сүргін кезең. Небір зобалаң жылдарды бастан өткерген халқымыз үшін бұл кезең ең қасіретті де, қайғылы тарих беті. 31 мамыр- ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп Елбасы жарияланған жылдан бері жыл сайын атап өтіп келеміз.

Енді, жаппай саяси қудалау, құрбандыққа шалу қай кезден басталды дейтін болсақ, бұл 1928 жылдың ортасынан басталған екен. Яғни, ең бірінші болып, Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялылары тұтқындалады. Оларға буржазияшыл, ұлтшыл деген жалған айып тағылып, сол жылы 44 алашордашы тұтқындалады. Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов,  Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай және басқалары жаппай тұтқынға алынады. Түрмеге қамалады. Олардың арасында, Жүсіпбек Аймауытовқа ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ұлт зиялыларының екінші бір тобы 1930 жылдың қыркүйек –қазан айларында тұтқындалады. Оларды да ауыр жаза күтіп тұрды. 15-і орталық Ресейге жер аударылады.  1936-38 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылады.Олардың ішінде, 8544-іне халық жауларыы не болмаса олардың сыбайласы деген айып тағылды. Халқымыздың зиялылары, Алаш қайраткерлері мен олардың отбасылары жаппай жазықсыз қудалау көреді.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, 1931 жылдан бастап, 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да сот органдары және соттан тыс 3 миллионнан астам адам ату жазасына бұйырады. Оның 643 мыңына үкім орындалса, қалғандары ұзақ мерзімге түрмеге қамалып, лагерлерге айдаған.

Біз оқушылармен сабақ барысында, тарихтың осы тарауын өткен тұста маңыздылығына мән береміз. Арыстардың еңбектеріне тоқталамыз. Халықтың мұңын мұңдап, сол үшін жазықсыз жазаланғанына көбірек тоқталамыз. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты, «Даладағы аштық», Голощекинге жазған хаты кең түрде айтылып өтеді, бірге талқылаймыз. Бұл сабақты өткізген ұстаз да, тыңдаған оқушы да бейжай қалмайды, зерттеуге көңіл бөледі. Қазіргі балалар интернет желісі бар, басқа да кітаптарды оқуға мүмкіндік туғандықтан , зерттеу жұмыстарын орындайды»,-дейді ұлағатты ұстаз.

Міне,бүгінгі таңда жандарын шүберекке түйіп, бастарын оққа байлаған арыстарымыздың есімдері тарихта алтын әріппен жазылды. Олардың рухына мәңгі тағзым! Жазықсыз жапа шегіп, «үлкен террордың құрбандары» арыстадың ұлы ісін жас ұрпақ ұмытпауы тиіс.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK