Жетісулық шаруашылықтар егістікті күтіп-баптау жұмыстарын белсенді жүргізуде

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 511,8 мың гектарға себіліп, егіс көлемі өткен жылға қарағанда 1,1 мың гектарға ұлғайтылды. Көктемгі дала жұмыстары бүгінгі күнге толығымен аяқталып, қазіргі уақытта шаруашылықтар тарапынан себілген дақылдарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егіс науқанын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы  шаруашылықтарға 9,1 млрд. теңге несие берілді. Облысқа бөлінген 5,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны толығымен жеткізілді. Суармалы су барлық аудандарға берілді. Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 59,4 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы туралы шаруашылық өкілдері пікірлерін жеткізді.

— Біздің шаруашылығымыздағы суармалы жердің жалпы көлемі 150 гектар. Биыл оның 70 гектарына жаздық арпа, 75 гектарына соя, 20 гектарына жоңышқа ектік. Өзім егін шаруашылығымен қатар жылқы өсірумен де айналысамын. Қазіргі таңда шаруашылықта 500-ге жуық жылқы бар, оларды жем-шөппен толықтай өзіміз қамтамасыз етеміз. Шаруашылықта қажетті техниканың барлығы жеткілікті. Екінші жыл қатарынан органикалық тыңайтқыштарды қолданып келемін. Сонымен бірге ауыспалы егіс жүйесін сақтауды да ұмытпаймыз. Мұның барлығы топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге оң әсерін тигізіп отыр. Биылғы егіс науқаны сәтті өтті, оған ауа райының жайлы болуы да ықпал етті. Әр гектардан 30 центнерге дейін арпа өнімін аламыз деп күтіп отырмыз, — деді Талдықорғандағы «Софин» шаруа қожалығы жетекшісі Александр Софин.

— Біздің шаруашылығымыз Талдықорған қаласының Еңбек ауылында орналасқан. Себу жұмыстарын толық аяқтадық, енді күтіп-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы көктемгі егіс науқанында жеңілдетілген бағадағы жанармайды және тыңайтқышты толық көлемде алдық. Ауыспалы егістікке байланысты биыл жүгеріге басымдық беріп отырмыз, ал келесі жылы қант қызылшасы мен соя егеміз. Биылғы көктемгі ауа райы шаруалар үшін жайлы болды. Енді жақсы өнім күтеміз, оған бар күш-жігерімізді саламыз, — деді «Сәпи» ШҚ жетекшісі Төлепберген Сәпи.

— Біз қант қызылшасын, соя, жүгері өсірумен айналысамыз. Өткен жылы лизинг көмегімен 2 арнайы техника, яғни тракторлар сатып алдық. Көксу қант зауыты қызылша тұқымын уақытында берді. Соның арқасында дер кезінде сеуіп біттік. Мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілді. Атап айтқанда, тұқымға, тыңайтқышқа, пестицидке 20%-дан 50%-ға дейін субсидия беріледі. Бұл – бізге үлкен көмек, — деді «Насыр» шаруа қожалығының Насыр Каримов.

Жалпы, Жетісу облысында вегетациялық кезеңнің өтуі тұрақты бақылауда.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз