Еңбек ету ел азаматтарының конституциялық құқығы

182

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жетісу облысында арнайы жұмыс сапарда болды. Сапардың мақсаты – өңірдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалымен танысу, жекелеген кәсіпорындар мен салалардағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін қарастыру, облыстық мәслихаттағы «Еңбек» депутаттық тобының мүшелерімен бірлескен жұмыс жоспарын талқылау және жергілікті кәсіподақ мүшелерінен кері байланыс алу.

Жұмыс сапары барысында Сатыбалды Тілағысұлы  Жетісу облысының орталығымен аймақтағы Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылындағы «Балпық» ЖШС ауыл шаруашылық құрылымын аралаудан басталды. 1998 жылы құрылған серіктестік бүгінде бидай, жүгері, қызылша, көпжылдық шөп өсірумен айналысады, жеке мал шаруашылығы бар. ЖШС басшысы Айдын Әдетбековтің айтуынша, кәсіпорында Жарлыөзек ауылының 70 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді, бірақ, қосымша маусымдық жұмыс орындары да бар. Көктем мен күзде ауыл шаруашылық құрылымында 140 адамға дейін жұмыс істейді. Еңбеккерлер бір жұмыс күні – 7,5 мың теңге есебі бойынша жалақы алады. Барлығы ЖШС жұмыскерлерінің орташа жалақысы айына 140 мың теңгені құрайды.

Жұмыскерлердің өздері жұмыс берушімен қарым-қатынасына көңілдері толатынын, бірақ, оларды әлеуметтік әріптестік аясында нығайту мақсатында кәсіподақ құруды ұйғарып, жұмыс беруші бұл шешімді қолдағанын айтады.

«Біз алдымызға облыс қажеттіліктерінің басым бөлігін экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және облыстың ауыл шаруашылығын дамыту міндетін қойдық. Ұжыммен қарым-қатынаста еш қиындық жоқ, дегенмен, жұмыскерлердің кәсіподақ құру туралы шешімін қолдаймын», – деді Айдын Әдетбеков.

Еңбек ұжымымен тілдескен ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Балпық» ЖШС жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құру бастамасын қолдады.

«Кәсіподақ – бұл адамдардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатындағы өзін-өзі ұйымдастыруы. Жұмыс беруші мен кәсіподақ әріптестер болып табылады және бүкіл кәсіпорынның табысты болуы олардың сындарлы өзара әрекеттестігіне байланысты. Ауылдағы еңбек қатынастарын бірлесіп дамыту қажет. Еңбек ету құқығы – әрбір қазақстандықтың конституциялық құқығы. Кәсіподақ құру арқылы сіз әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар, өзіңіздің еңбек ету құқығыңыз үшін, өз ұжымыңыздың, тұтастай алғанда бүкіл кәсіпорынның болашағы үшін жауапкершілікті аласыз. Өйткені, Әділетті Қазақстанның құрылысы оның әрбір азаматының жауапкершілігіне байланысты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

«Балпық» ЖШС басшысы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуды тілге тиек етіп, жалпы облыс бойынша ауылда жұмыскерлер тапшылығының барын қынжыла айтты. Ауылдық кәсіпкер механизаторлар, комбайншылар, малшылар жалақысының салыстырмалы түрде төмен болуын басты себептердің бірі ретінде атады.

Оның айтуынша, кейбір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында техникамен жұмыс істейтін ешкім жоқ – мамандар жоқ. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Айдын Әдетбеков ҚРКФ төрағасына ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялау бағдарламасын қайта қарауға жәрдемдесуді өтініп, мемлекеттік көмек көрсету бағдарламасына ауыл еңбеккерлерінің еңбекақысы қорының шығындарын қосуды ұсынды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы сауалға орай еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарымен келген сайын ауыл еңбеккерлерімен кездесіп тұратынын атап өтті.

«Ауыл тұрғындарымен кездесу тек ауыл кәсіпорындарының тыныс-тіршілігімен танысу емес. Осындай кездесулердің қорытындысы бойынша республикалық деңгейде әлеуметтік әріптестерге үндеу дайындап жатырмыз. Үкіметке ұсыныстар пакетін дайындау барысында еңбек ұжымдарының барлық тілектерін ескереміз. Жақын арада Кәсіподақтар федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті үндеу жолдауды көздеп отыр, онда сіздердің ұсыныстарыңызды міндетті түрде ескереміз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Жетісу облысындағы ауыл тұрғындарымен кездесу аясында Сатыбалды Дәулеталин Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылда да болып, ауылдың негізін қалаушының мүсініне гүл шоқтарын қойды. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні батырлар аллеясында орналасқан. Соғыс ардагері Нұрмолда Алдабергенов 15 жыл басқарған ауылда соғыстан кейінгі кезеңде тағы 20 Социалистік Еңбек Ері тұрып, еңбек еткенін айта кеткен жөн.

«Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде осы кісілер көтерген ауылдың тарихы ерекше. Біз оны мұқият сақтап, ұрпаққа аманат етуіміз керек. Нұрмолда Алдабергенов пен оның серіктері кейінгі ұрпаққа еңбексүйгіштік пен отансүйгіштіктің үлгісі болып табылады», – деген Сатыбалды Дәулеталин Жетісуға аңыз болып кеткен Еңбек адамының рухына тағзым етті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз