Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялауда. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты маңызды құжатта осыған дейін жүзеге асырылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. Сарапшылардың пікірінше, аталмыш Жолдау стратегиялық маңызы бар бағыттарға арналуда. Оның ішінде мемлекеттік басқару мен экономикада тиімділігін дәлелдеген цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері, ішкі нарықты дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді ынталандыру, азық-түлік, энергетикалық және көлік қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне басымдық берілді. Денсаулық сақтау, білім беру және экология саласындағы әлеуметтік реформаларға да ерекше назар аударылуда. Жолдау барша қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат деуге болады.
Әділет Рымтаев, Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы





























