Ақпарат майданының майталмандары

561

Шалқар Құдайбергенов, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп- лицейдің директоры:

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты». Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың осынау ойлы сөзі журналист еңбегінің қаншалықты жауапты, қаншалықты қастерлі екенін айқындап тұр. Қалам ұстаған қауымның жыл он екі ай тынымсыз еңбегі қашанда лайықты бағасын алуы тиіс. Оралхан Бөкеев ағамыз кезінде «ақиқат сөздің бәйгесі — мылтықсыз майдан, жабысы қалып, жарымда сәйгүлік озғаны» деген еді. Соғыс пен саяси тұрақсыздық кезеңінде ақпарат майданының қаруын қалам, өрісін қағаз деп, ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистердің мерекесі құтты болсын!

Дәл қазір Парламент “БАҚ қызметі туралы” заң жобасын талқылауда, себебі ақпараттық қоғам мен сөз бостандығын даму құрады еткен елдегі журналистерге артылар жүк те жеңіл емес: үнемі жаңғырту мен қайта қарауды талап етеді. Журналистика жан-жақты білімділік пен ішкі мәдениетті қатар қажет ететін мамандық. Өйткені ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой.  Заман ағымындағы журналистердің еңбегі халықтың көз алдында өтіп жатыр. Қазіргі таңда газет оқымайтын, телеарна көрмейтін, радио тыңдамайтын, интернетке үңілмейтін,  Инстаграм икеміне иілмеймін, ТикТок  трендіне телмірмейтін жан жоқтың қасы. Бұл ақпаратқа деген сұраныстың күн санап арта түскенін айғақтайды. Мұндай үдерістер қаламгерлер қауымынан талғамы өскен, танымы тереңдеген оқырман мен көрерменге лайықты қызмет ету үшін тың ізденісті талап ететіндігі сөзсіз. Бұл кәсіби мереке – тек Сіздердің еңбектеріңізге сый-құрмет көрсетілетін, ұшқыр қиялдарыңыздың жемісін ұлықтайтын күн. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Оқырмандар мен көрермендердің көңілінен шығатын тұщымды ақпараттарыңыз көп болсын! Жазарларыңыз таусылмасын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз