Мемлекеттік қызмет — мерейлі міндет

650

Өмірде халық үшін қалтқысыз еңбек етіп, көптің көңілінен шығу екінің бірінің қолынан келе беретін оңай-оспақ іс емес. Мемлекеттік қызмет -мерейлі міндет. Өйткені ол қашанда ашықтықты, адалдықты, әдептілікті, әділдікті талап етеді. Сондықтан бұл абыройлы міндетке кір келтірмей адал атқару әрбір қызметшінің маңдайалды борышы дейді, – зиялы қауым өкілдері.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта жалпы  Жетісу облысындағы 350-ге жуық мемлекеттік мекемелердегі қызметшілердің саны 3500-ден асады. Олардың тең жарымынан астамын ер азаматтар құраса,  жартысы әйел адамдар. Ал, аймақта көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 762  түрі бар. Оның  467 түрі орталық, 295 түрі жергілікті атқарушы органдар жағынан көрсетіледі. Заман ағымына сай бүгінгі таңда аймақтағы халыққа қызмет көрсетудің дені яғни, 95 пайызға жуығын электрондық үлгіде алу барынша қолжетімді. Осыған сәйкес облыста  көптеген өз өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылып, «Open Taldykorgan» мен «Smart Taldykorgan» мобильді қосымшасы жобасы жүзеге асырылған. Міне бұл сарапшылардың пікірінше, біріншіден, жұрттың уақытын үнемдеуге, екіншіден, бармақбасты, көзқысты әрекеттерге жол бермеуге қолайлы.

Талдықорған қаласының тұрғыны танымал ардагер Мұрат Қалық: — «Мемлекеттік қызмет деген абыройлы міндет. Елін, жерін сүйіп, ұлтының болашағын ойлаған әр азамат өзіне жүктелген осы бір міндетті абыроймен атқаруы керек. Себебі, халқы оған сенім артып отыр. Иә қазір қоғам дамыды. Заман ағымына сай небір озық үлгідегі технологиялар қолданысқа енді. Күн өткен сайын халыққа қызмет көрсету тетігі жеңілдеді. Мәселен, қазіргі бір терезе қағидаты, электронды жүйе деген соның дәлелі. Ал, бізде кезінде мемлекеттік қызметте болып, қоғамның әр саласында елеулі еңбек еттік. Онда мұндай даму болмады. Бәрі қолмен жасалатын. Соның өзінде тәртіпке бағынып, бәріне де  үлгеруші едік. Мейлі біз қай қызметте жүрсек те берген антымызға адал болып, елдің сенімін ақтап үкілеген үмітінен шығуға тырыстық. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге айтарым сіздер елдің ертеңісіздер. Елді дамыту үшін ерінбек еңбек жасауларыңыз шарт. Сіздерге толағай табыс тілеймін», — деп ізгі тілегін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манаптың айтуынша, қазір мемлекеттік мекемелерде қызмет жасаушылар үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған.Олар тек әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтап, түрлі заң бұзушылыққа жол бермей халыққа адал қызмет көрсетуі тиіс. Сондай-ақ бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жастарды мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жеңілдеген. Білімді де білікті жастардың халыққа мемлекеттік қызметке қабылдануына еш кедергі жоқ. Бұл туралы заңнамаға да өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ,

  – Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс негізінде (грант) жоғары оқу орындарын үздік нәтижелермен аяқтаған түлектерге бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз уәкілетті органның келісімін ала отырып тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Екіншіден, «Б» корпусының бірқатар жоғары лауазымдарына (мысалы: департамент және басқарма басшысы) уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

Төртіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал, төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.  Осыған байланысты жүктелген міндеттерді іске асыру үшін қажетті сандық құрамнан басқа, адами капиталдың сапасы ерекше маңызға ие.  Мәселен, қазіргі кезде Жетісу облысында ғылыми дәреже мен атағы бар – 6, шетелдік білімге ие – 11 қызметкер, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 5 түлегі, сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервінің бір мүшесі еңбек етеді. Осының барлығы жастардың мемлекеттік қызметке деген құлшынысын арттырып, ел-жұртқа сапалы қызмет көрсетуге тың жол ашады.  Осы орайда мен жалпы жетісулық мемлекеттік қызметшілерді кәсби мерекесімен құттықтап, отбасына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін,  – дейді департамент басшысы Қобылан Тоқбергенұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз