Елімізде жас буынның сапалы білім алып, шығармашылық әлеуетін шыңдап, заманауи жобалар әзірлеуіне кең мүмкіндік жасалған. Жастары білімді де белсенді елдің болашағы – жарқын, келешегі – кемел. Өйткені жастар – мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін, дамудың жаңа белестеріне бастайтын негізгі буынның бірі. 12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл күн – жас толқынның қоғам өміріндегі рөлін, олардың бастамалары мен идеяларын қолдаудың маңызын айшықтайтын ерекше мереке. Биыл Жетісу облысының жастары аталмыш мерекені тың серпінмен, жаңа форматта атап өтуде. «JETFLOW» атты 10 күндік жастар декадасы аясында өнер, білім, спорт, тазалық шаралары бағытында сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл онкүндік – жас буынның өз әлеуетін көрсетіп, жаңа таныстықтар орнатып, өзара тәжірибе алмасатын тамаша алаңға айналмақ.
Аталмыш мереке аясында күні кеше Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2025» жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Білім, медицина, өнер, спорт сынды бірнеше саладағы жетістіктерімен, қоғамдағы белсенділіктерімен көзге түскен жастар марапатталды. Мұндай мəртебелі атақ өз саласында белгілі жетістіктерге жете білген, өзге жастарға үлгі боларлық нəтиже көрсеткен облыс жастарына беріледі. Жеңімпаздарды облыс әкімі атынан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады. «Осы сыйлықтың бір ерекшелігі «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында биыл «Үздік жас жұмысшы маман» жаңа номинациясы енгізіліп отыр. Бұл – еңбек адамына деген құрмет, жұмысшы жастардың қоғамдағы маңызын айқындайтын игі бастама», — деп «Көшбасшы» жастар сыйлығымен марапаттау жыл сайынғы игі дәстүр екенін атап өтті. Аталмыш сыйлық биыл 12 номинация бойынша ұсынылды. Атап айтар болсақ, «Жетісудың үздік келіні» жобасының авторы Арайлым Әлімжанова «Үздік жас қоғам белсендісі», талдықорғандық кондитер Жазиля Темірбекова «Үздік жас кәсіпкер», облыстық «Жетісу» газетінің саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Айдар Қалиев «Үздік жас журналист», ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы Әлихан Әскербай «Үздік жас спортшы» атанды. «Х-фактор» жобасының финалисі, бірқатар халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы, облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның әншісі Ақбота Сабыржанова «Мәдениет саласының үздік жас көшбасшысы», Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының лор дәрігері Темірлан Қылышбеков «Медицина саласының үздік жас көшбасшысы», Ақсу ауданындағы «Абубек» ШҚ басшысы, көпбалалы әке Елдос Әбубеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздік жас көшбасшысы», Көксу ауданынан келген көпбалалы Жанғабыловтар «Үздік жас отбасы», «Үздік жас жұмысшы маман» «АқсуҚант» зауытының орталық зертханасының меңгерушісі Аруна Кенжеханова деп танылды. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеялар мен бастамаларды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері марапатталды. Грант иегерлеріне жобаларын сәтті жүзеге асыру үшін 3 млн. теңге көлемінде қаражат берілді. Жеңімпаздар алдағы уақытта «Мал және балық шаруашылығы», «Өсімдік шаруашылығы», «Сүт өнімдері өндірісі», «Қолөнер және шағын өндіріс», «Агро және экотуризм» бағыттары бойынша кәсіптерін бастап, дамытпақ.





























