Қала әкімінің мәжіліс залында қала әкімінің міндетін атқарушы Жеңіс Андабековтің төрағалығымен халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі бойынша кезекті отырыс өткізілді.
Жиын барысында пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту және сот шешімімен міндеттелген қоғамдық жұмыстарға тарту мәселелері кеңінен қаралды.
Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында бірқатар мекемелердің қатысуымен ынтымақтастық аясын кеңейту туралы шешім қабылданды.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай кешенді қолдау – жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді, -дейді.
Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында 3665 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, олардың 21-і пробация есебінде тұрған азаматтар. Бұл көрсеткіш жарты жылдың межесі бойынша 70%-ды құрап отыр.
Жиын қорытындысы бойынша, тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, әлеуметтік оңалту шараларының тиімділігін арттыру жолдары белгіленді.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























