Абай облысында қызыл жалынмен күрес жалғасуда

425

Бүгінде ҚР Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бөлімшелері тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жағдайды зерттеу, аса қауіпті аймақтарды анықтау және өртке қарсы іс-шараларды одан әрі жоспарлау мақсатында  Қорғаныс министрі өрт шалған аумақтың үстімен ұшып өтті.

         Өрт сөндіру жұмыстары Бородулиха ауданында жүргізілуде. ТЖМ жедел штабы Қорғаныс министрлігіне Успенка, Каштак және Талица ауылдары маңындағы аумақты бекітіп берді. тілсіз жауды тізгіндеу мақсатымен аталған ауданға арнайы техника жіберілді. Оның ішінде жылдам жүретін траншеялық машиналар, бульдозер-жол төсегіштер, К-700 тракторы, шағын  жүктерді тасымалдауға арналған тралдар, инженерлік разрядтау машиналары бар. Әскери қызметшілер арнайы техникалардың өрт ошақтарына өтуі үшін жолдарды тазартып, ыңғайлы соқпақтар жасауда.

         Өрт ошақтарын жою және жағдайды бақылау бойынша маңызды міндеттерді орындауға әскери ұшқыштар да қатысуда. Жалпы, армиялық авиация экипаждары өрт ошақтарына мың тоннадан астам су төккенін айта кету керек. Қазіргі уақытта тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына Қарулы күштердің 500-ге жуық әскери қызметшісі қатысуда. 40-тан аса бірлік инженерлік техника мен 5 тікұшақ жұмылдырылған. Резервте 600-дей адам мен 30 арнайы машина дайын.

         Өртке қарсы іс-шараларға тартылған әскери қызметшілер ауысыммен жұмыс істеуде. Олар қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қарулы күштердің жеке құрамы өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауда. Абай облысындағы алапат өрт «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының 14 маманының өмірін қиды. Біз марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Майор Жанат СЕМБАЕВ,

Жетісу гарнизоны баспасөз

қызметінің басшысы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз