Бас жоспардың жобасы мақұлданды

314

16 шілде күні Мәдениет үйінде  Талдықорған қалалық мәслихатының «Заңдылықты сақтау,қала құрылысы,тұрғын үй шаруашылығы және жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының басқосуы өтті.

Күн тәртібіне енгізілген «Қаланы дамыту Бас жоспарының жобасын (негізгі ережелерін қоса алғанда) мақұлдау туралы» мәселені талқылауға Жетісу облыстық және Талдықорған қалалық мәслихаттарының депутаттары,жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, ардагерлер,құқық қорғау органдарының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу ашық түрде өтті, оған қалалық мәслихаттың депутаты Серік Жансеңгіров төрағалық етті.Бас жоспар жобасы бойынша Жетісу облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабыржан Мекебекұлы және«АТС Град» ЖШС-нің директоры, Талдықорған қаласының Бас жоспарының авторы Көкен Кенжебайұлы баяндап, жиналған көпшілікті таныстырды.

Талдықорған қаласында жылдан-жылға  халық саны көбейген сайын, сұраныс та, талап  та күшейе түсуде. Облыс,қала басшылары  осыны ескеріп, 2024 жылы Талдықорғанның  Бас жоспарын әзірлеуге тендер жариялап, оны «АТС Град» ЖШС ұтып алған болатын.

Атырау, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан т.б үлкен облыстардың Бас жоспарын әзірлеп, мол тәжірибе жинақтаған «АТС Град» ЖШС 2024 жылдан бері Талдықорған,Қонаев қаласы мен Алматы қаласының шетіндегі үлкен елді мекендердің Бас жоспарын әзірлеуге қатысуда. «АТС Град» ЖШС-нің директоры, Талдықорған қаласының Бас жоспарының авторы Көкен Кенжебайұлының айтуынша, мекеме 18 жыл бойы нарықта  қызмет көрсетіп келеді. Талдықорған қаласының Бас жоспарына жарияланған  ашық тендерге қатысып, ресми түрде жерұйықты өлкенің бас қаласының Бас жоспарын әзірлеу тапсырмасын алған соң жобалаушылар бірден іске кірісіп, еңбектерін қоғамдық тыңдау барысында халық назарына бірнеше қайтара ұсынған. Бас жоспар — Талдықорған қаласы мен қалаға қарасты 2 ауылдық округті және  шаһардың территориясындағы барлық саяжай қоғамдастықтарын  ескере отырып әзірленген.

Рүстем Бершінбеков,Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгін өздеріңіз куә болғандай, Талдықорған қаласының  Бас жоспарының жобасын талқылауды Талдықорған қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының назарына ұсынып отырмыз. Бас жоспар жобасы бұған дейін арнайы сараптамадан өтті. Қалалық мәслихаттың қорытындысы шығарылған соң облыстық мәслихатта қаралады. Облыстық мәслихаттың қорытындысынан кейін Бас жоспар жобасы Үкіметке жолданып,қаулы қабылданған соң, шамамен жылдың аяғына дейін қолданысқа еніп қалар деп үміттенеміз. Басты өзгерістер қаламыздың даму қарқынына байланысты енгізілді. Инфрақұрылымы, көлік-логистикасы,жолдар, шеткі аймақтарда орналасқан 12 саяжай қоғамдастықтарын  қаланың аумағына енгізу т.б қамтылды. Сонымен қатар мектептер,балабақшалар, әлеуметтік нысандар саны көбейетін болады.

Ерұлан Көкен, «АТС Град»ЖШС-нің бас сәулетшісі, Талдықорған қаласының Бас жоспарының авторы:
Назарларыңызға ұсынып отырған Бас жоспарда,қолданыстағы сыртқы көлік инфрақұрылымын (Өскемен-Алматы тас жолы) басты жоспарлау кіндігі (осі) ретінде пайдалана отырып, авто және темір жолмен біріктірілген  көлік торабын енгізіп, көлік-логистикалық орталықты қарастырдық.Осы сыртқы көлік инфрақұрылымын пайдалана отырып, халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнесті, туризмді, ауылшаруашылық құрылымдарын дамытуға т.б қаланың қауіпсіздігін жетілдіруге қатысты табиғи кедергілерді көпірлер,жол өтпелерін салу арқылы жаңғыртуға, кеңейтуге, қайта құрылымдауға баса назар аудардық. Негізгі көшелерді қайта жаңғырту,жасыл аумақтарды қайта  құру мен абаттандыру ісі де назарға алынды. Табиғи рельефі бар тау бөктеріндегі аймақты рекреациялық насындарды құруға пайдаландық.Олардың ішінде: тау соқпақтары  арқылы жаяу жүргінші, велосипед жолдары,экстремалды спорт түрлеріне арналған алаңдар,демалыс орындары, жағажай аймақтары,серуендеу жағалаулары мен саябақтар,су спортын дамытуға арналған нысандар құрылысы түгелдей ескерілген. Әкімшілік шекарасы 38 мың 676 гектар аумақты құрайтын әсем қаланың тұрғындары өмір сүруге оңтайлы жағдайларды толықтай ескердік. Талдықорғандықтардың сын-ескертпелері назарға алынып, Бас жоспарға бірнеше рет өзгерістер енгіздік.

Темірболат Ахажан, Талдықорған қалалық мәслихатының төрағасы:
Қаланың Бас жоспары-өте маңызды құжат. Сондықтан да халық қалаулылары оған үлкен жауапкершілікпен қарап, тұрақты комиссия басқосуында талқылап, қолдауларын білдірді. Талдықорғанның болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар жақсы нәтижесін беріп, мәртебесі биіктей береді деп сенемін.

Талқылау барысында қатысушылар тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар қойылып, жобаның негіздемесіне қатысты нақты түсініктемелер беру сұралды. Комиссия басқосуы нәтижесінде ұсыныстар жинақталып, тиісті қаулы қабылданды.

  Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз