Кеше шаһарымыздың шырайын арттырған «Салтанат сарайында» отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қорытынды шарасы өтті.

«Отан – отбасынан басталады!»,- демекші, отбасының беріктігі – бүкіл әулеттің ғана емес, тұтас елдің жаңғыруының, береке, бірлігінің, дәстүр құндылығының берік қазығы екені мәлім. Халқымызда «Туған жерге туыңды тік» – деген аталы сөз бар. Кіндік қаны тамған өлкені өркендетуге үлес қосумен қатар үлгілі отбасы болып, ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп отырған жандар қаламызда көп-ақ. Солардың бірқатары Талдықорған қаласы әкімінің қолдауымен өткізілген «Мерейлі отбасы-2025» байқауына қатысуға ниеттерін білдірген болатын. Нәтижесінде, салт-дәстүрді дәріптеуге, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, мәртебесін арттыруға қосқан үлестері және жастарға отбасылық құндылықтарды құрметтеуді насихаттағаны үшін 5 отбасы ынталандыру сыйлығына ие болса, Есенғабыловтар және Өмірғалиевтар отбасы – 3 орын, Шаяхмет әулеті – 2 орын, Болатхановтар отбасы – 1 орын иегері атанды. Байқауға қатысушыларды Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл құттықтады.
– «Бүгін біз ерекше бір салтанатты шараға-отбасы құндылықтарын ұлықтайтын «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының марапаттау рәсіміне жиналып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Талдықорған қаласында бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл да осы игі үрдіс жалғасын тауып, қаламыздан 22 отбасы қатысуға ниет білдірсе, бүгін 4 үздік және 5 отбасын ынталандыру жүлдесімен марапаттап отырмыз. Байқауға қатысқан отбасылар-спорт, білім, медицина, ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік сияқты түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүрген, сонымен қатар ұрпақ тәрбиелеп, елге үлгі болып отырған шаңырақтар. «Мерейлі отбасы» байқауы-отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, бірлік пен берекенің маңызын арттыратын маңызды жоба. Осындай өнегелі отбасыларды кеңінен насихаттау-қоғамның іргесін нығайтып, ел болашағын жарқын етуге сеп болары сөзсіз. Отанды сүю, елге адал қызмет ету, парыз бен жауапкершілікті түсіну-осының барлығы ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталады. Сіздерді бүгінгі марапттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасының керегесі кең, босағасы берік болсын! Баршаңызға зор денсаулық, ырыс-береке, амандық пен табыс тілеймін!»,- деді.

Салтанатты шара соңы Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармония әншілерінің сазды әуендеріне ұласты.
Гүлжанат НҰРШАНОВА





























