Талдықорғанда ардагер арасында бильярдтан турнир өтті

97

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:« Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз».

Ақсүйектердің  ойыны  саналатын  бильярдта  талдықорғандық  ардагерлердің  де ойып  алар орны бар.  Басында бильярдқа  әуесқой спорт түрі ретінде қараған ардагерлер арасында  интеллектуалдық ойынның шемішкесін шағатандары да бар.

Астана күні қарсаңында  Жастардың спорт сарайында  Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес ардагерлер арасында бильярд спортынан жарыс өтті. Шараны   қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Керімбеков Ақшабай Дүйсенбекұлы және  Жетісу  облысы   бильярд спорты федерациясының  ҚБ президенті Тоқтар Есімов ашып, турнирге қатысушыларына сәттілік тіледі. Турнирдің бас төрешісі –   Төлеу  Мамбеталин әділқазылық етті.    

                                     

Ақшабай Керімбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: « Мұндай шара ардагерлер арасында үзбей өткізіліп келеді.  Біздің ардагерлер спорт десе ішкен асын жерге қояды. Сайыстың қай түрі болмасын қатысып, топ жарып жүр.  Бүгінгі бильярд жарысы ерекше ұқыптылық пен ұшқырлықты талап ететін спорт түрі.  Бұл жерде бір-біріне  қарсылас емес, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетуге мүмкіндік аласыздар.  Турнирдің мақсаты —  зиялы орта мен сұхбат алаңын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау болып табылады. Сондықтан да барлық ойыншылдарға сәттілік тілеймін».

 Әр спорт өзінше ерекше. Федерация басшысы Тоқтар ағаның айтуынша, жастарға үлгі ретінде ардагерлер арасында турнирлер жиі ұйымдастырылады. Ойыншылар республикалық жарыс төрінен көрініп, жүлделі орындар иеленуде.

Бұл күні ойыншылар жақсы ойын өрнегін көрсетіп, өзара кіл мықтылар жарыс финалына шықты.  Айтар болсақ,  бұл жарысқа  22  ардагер  қатысуға өтініш берген еді. Оның   16-сы  іріктеліп алынды. Жарысқа қатысушы ардагерлер арасында жасы  ең үлкені 84 жастағы Мәмбетбаев Әшім ақсақал да тамаша ойын үлгісін көрсетті. Ол кісінің иығына қазақи салтпен шапан жабылды.

Таңертең басталған ойын кешкі қарая аяқталды.   Сонымен жарыс қорытындысы бойынша бір 1 орын, бір 2 орын, екі 3 орын және   2 ынталандыру сыйлығы болды.

І орынды  Геннадий  Чарсов, ІІ орынды  Табыс Жобалаев, ІІІ орындарды Ержан Жонкебаев пен Бауыржан Темірғалиев иеленді. Сондай-ақ,  ардагерлер  Владислав Певченин мен Береке  Сейітбековке ынталандыру сыйлығы табысталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз