Талдықорғанда «Әділдік. Парасаттылық. Сенім.» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» тақырыбында өткен байқауды ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен  облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған. Жыр  додасына алдын ала іріктеуден өткен 14 пен 21 жас арасындағы 20-ға жуық жазба ақын қатысты.

Аймақтағы департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – талапты жастың өнерін шыңдап, олардың тартымды жыр жолдары арқылы көпшілікке адалдық пен сенімділікті, парасаттылық пен әділікті кеңінен дәріптеу. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ санасына  сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастырып, отансүйгіштікке баулып, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету.

Байқау барысында қаламгерлер әділдік, парасаттылық, сенім тақырыптарында жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған өлеңдерін оқыды. Жарыс соңында қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталып, жүлдегерлер  арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.   Сондай-ақ, бас жүлдені байқауда жоғары деңгейде өнер көрсеткен «Авиценна» медицина колледжінің студенті  Серікбол  Жеңісханұлы жеңіп алды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK