Талдықорған қаласында партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қала тұрғындарына ерекше әсер қалдырған жарқын іс-шара өтті. Қалада қараусыз қалып, 36 жылдан бері жанданбаған Жас натуралистер станциясының аумағында алғаш рет «Әкем, анам және мен» атты отбасылық эстафеталық жарыс ұйымдастырылды.
Игі бастаманың өзегі – отбасылық құндылықтарды насихаттау және ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсету.Енді бұл аумақ тек өткеннің естелігі емес, болашақтың мүмкіндігіне айналмақ.
Эстафетаға ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 11 отбасы қатысты. Олардың әрқайсысы 5 түрлі спорттық кезеңнен өтіп, ұйымшылдықты, табандылықты және отбасылық бірлікті паш етті. Мұндай шаралар қатысушылар үшін тек жарыс емес, қоғаммен араласуға, сергіп, жаңа эмоциялар алуға үлкен мүмкіндік.
Жарыс қорытындысы бойынша:
- 🥇 І орын – «Ынтымақ» командасы;
- 🥈 ІІ орын – «Family Boom»;
- 🥉 ІІІ орын – «Спутник» командасы иеленді.
Барлық жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар, ал қалған қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – әрбір жанұяның еңбегі мен ерік-жігеріне берілген лайықты құрмет.
Шара барысында қатысушылар мен ұйымдастырушылар Жас натуралистер станциясының аумағын абаттандыруға да үлес қосты. Жаңару жолындағы алғашқы қадам ретінде ағаштар отырғызылып, табиғатқа деген қамқорлықты да насихаттады.
Алдағы уақытта бұл аумақта әртүрлі мәдени, спорттық және экологиялық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарлануда, яғни станцияның өмірі қайта жаңғырып, балалар мен отбасылар үшін пайдалы кеңістікке айналмақ.
- «Біз тек жарыс ұйымдастырған жоқпыз – біз отбасылардың арасында сенімді көпір салдық, ерекше балалары бар ата-аналарға қоғамның назарын аударттық. Бұл – «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы жүзеге асып жатқан шынайы өзгерістердің дәлелі. Біз осындай игі бастамаларды жалғастыра береміз», — деді өңірлік Әйелдер қанатының төрағасы Назгүл Қабілетқызы.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Назгүл Қабілетқызына, Жетісу облысының мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Мақсұтқызына, «KazEcoPatrol» Жетісу облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Серікқызына алғыс білдіреміз.