Көк Туымыз – көгімізде, Елтаңбамыз – төрімізде, Әнұранымыз – жүрегімізде

257

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба және Әнұран —  егемендіктің басты нышандары. Олар елдің өткені мен бүгіні, болашаққа деген сенімінің бейнесі болып табылады. Жыл сайын 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіп, бұл күн халықты елдік пен бірлікке үндейтін маңызды мерекеге айналған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен шараға қатысып, «Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз»-деп мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, Президент көк Туымыздың әлемдегі беделі зор екенін, оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтергенін, спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарғанын, осындай жетістіктер Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсететіндігін баса айтты. Биыл да бұл күн ел ішінде кең көлемде атап өтіліп, түрлі деңгейдегі патриоттық шаралармен ерекшеленді. Мерекеге орай Жетісуда «Рәміздерім – мақтанышым!» Мемлекеттік Ту көтеру салтанаты өтіп,  қала тұрғындары мен қонақтары, қоғам белсенділері қатысты. Мемлекеттік Гимн орындалып, көк байрағымыз көтерілгеннен кейін әскери оркестр бастауымен,  Ту ұстаған жастар, әскерилер, спорт, мәдениет, білім саласының өкілдері, еріктілердің қатысуымен «Менің Туым» патриоттар шеруі болды. Шеру барысында әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен  патриоттық марштар орындалды. Шеру орталық алаңдағы «Көк тудың желбірегені» патриоттық акциясына ұласты. Айта кетейік, аталмыш мереке қарсаңында  мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған  қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі, жастардың ұйымдастыруымен көпшілік орындарда блиц-сауалнамалар,  Достық үйінде, С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада дөңгелек үстел, облыстағы мәдениет мекемелерінде танымдық сағаттар, поэзиялық кештер ұйымдастырылды. Жалпы, Мемлекеттік рәміздер күні аясында аудан, қалаларда түрлі форматта 100-ден аса шара өтіп, 8000-ға жуық адам қамтылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз