ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының радиотехникалық бақылау пунктінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шара әскери қалашық аумағында өткізілді. Балалардың көңілін көтеріп, шаттық сыйлауға бағытталған бұл мерекелік бағдарлама аясында түрлі ойындар ұйымдастырылып, балғындардың белсенділігі мен шығармашылық қабілеттері ерекше көрінді.
Мереке барысында бүлдіршіндерге балмұздақтар мен тәттілер, сондай-ақ арнайы дайындалған сыйлықтар таратылып, олардың жүздерінен қуаныш пен риясыз күлкі байқалды.
Бұл игі шара – шекара сақшыларының отбасыларына деген қамқорлықтың, жас ұрпаққа бағытталған мейірім мен махаббаттың айқын көрінісі. Мерекелік кеш әрбір баланың жадында жарқын естелік болып қалары сөзсіз.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























