ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының «Басқұншы» шекара бөлімшесінде рухани маңызы зор тағылымды шара өтті. Басқұншы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Назгүл Қарғамбекова мен жас маман Жұлдыз Шыражданның ұйымдастыруымен ауыл мақтанышы, қаржы полициясының генерал-лейтенанты Ерлік Кененбаевтың 65 жасқа толуына орай «Асқақтаған даңқы бар» тақырыбында тұлғалық кеш өткізілді.
Шара барысында генерал-лейтенант Ерлік Кененбаевтың өмір жолы, қызметтегі ерлігі мен елге сіңірген еңбегі жайлы кеңінен баяндалып, оның жас буынға үлгі боларлық тұлғалық қасиеттері ерекше аталып өтті. Кездесуге қатысқан шекарашылар мен ауыл жастары Ерлік ағамыздың өнегелі ғұмырына тәнті болып, мақтаныш сезімін ерекше тебіреніспен қабылдады.
Сонымен қатар, шара аясында «Жаңа кітаптар шеруі» атты библиографиялық шолу ұйымдастырылып, кітапхана қорына түскен тың әдебиеттер таныстырылды. Қатысушыларға заманауи шығармалар мен тарихи-танымдық кітаптар бойынша қысқаша мазмұн мен ұсыныстар беріліп, оқуға шақыру жасалды.
Мұндай рухани кездесулер – жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға, отансүйгіштік пен елжандылыққа деген көзқарасын нығайтатын маңызды тәрбие алаңы. Шекара бөлімшесі ұжымы мен ауыл тұрғындары бұл шарадан үлкен әсер алып, ел қорғаны болуға деген сенімдерін нығайтты.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























