ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының шекара бөлімшелері және кәсіптік-техникалық дайындық бөлімінің жеке құрамы Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс” төсбелгісінің иегері, белгілі ақын Бақытбек Бәмішпен кездесті.
Рухани тағылымға толы бұл кездесудің басты мақсаты – жеке құрамды ұлттық рухта тәрбиелеу, жауынгерлердің бойында патриоттық сезім мен отансүйгіштік қасиетті нығайту болды. Ел мен жер тағдырына арналған поэзия мен өмірлік өнегелі ойлар сабақтасқан шарада ақын Бақытбек Бәміш өзінің шығармашылығы туралы сыр шертті. Сонымен қатар ол Бауыржан Момышұлының ерлік жолы мен қаһармандық тұлғасына тоқталып, жастарға өнеге боларлық терең ойларымен бөлісті.
Кездесу барысында жеке құрам ақынға сауалдарын қойып, рухани тәрбие мен әдебиеттің әскери қызметпен байланысы жөнінде пайымды пікірлер тыңдады. Шара соңында шекара сақшылары ақынға алғыстарын білдіріп, рухани кездесудің әсері ұзақ уақыт естерінде сақталатынын жеткізді.
Бұл тағылымды жүздесу жеке құрамның рухани серпілісін арттырып, ел алдындағы қызметіне жаңаша серпін бергені сөзсіз.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























