Елдіктің еңселі белгісі

290

Егемендік – ұлт рухының мәңгілік символы. Ал сол рухты айқындайтын, елдіктің еңсесін тіктейтін басты нышандар – Мемлекеттік рәміздер. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны 1992 жылдың 4 маусымында ресми түрде қабылданып, бұл күн мемлекет тарихындағы маңызды белеске айналды. Бұл – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда маңызды дата.

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, егемен мемлекет ретінде өзінің даму жолын қалыптастырды. Сол кезеңнен бері  бәсекеге қабілетті экономиканың іргетасы қаланды.  Даму жолындағы реформалар жүйелі түрде жалғасып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру сынды бірқатар маңызды салаларда ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Осы жетістіктердің барлығы  мемлекеттігіміздің мызғымас негізін білдіретін және халқымыздың ортақ мақсатына жұмылуын қамтамасыз ететін басты құндылықтармен тікелей байланысты. Сол құндылықтардың бір  көрінісі  Мемлекеттік рәміздермен астасып жатыр. Бұл ұлттың өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы тарихи сабақтастықты жалғап тұрған киелі тұғыр. Бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері халықаралық аренада да танымал. Әлемнің түкпір-түкпірінде көк байрағымыз көкке көтеріліп, елтаңбамыз құрметпен бейнеленіп, әнұранымыз асқақтата шырқалып жүр. Бұл  Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнының нығайғанының айғағы деп анық айта аламыз.

Қайрат Сарқытов, С.Мұратбеков атындағы №9 орта мектеп директоры: Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін аса маңызды, ұлттық мақтанышымызды оятатын айтулы мереке. Мемлекеттік рәміздер – бұл тарихпен астасқан, болашаққа бет алған елдің бет-бейнесі. Көк байрағымызда – бейбіт аспан мен болашаққа деген үміт, Елтаңбамызда – елдігіміз бен бірлігіміздің белгісі, ал Әнұранымызда – жүректен шыққан жігер мен елге деген сүйіспеншілік жатыр. Бүгінде жас ұрпақ рәміздердің мән-мағынасын терең түсініп, оларды құрметтеуге тәрбиеленіп келеді. Әрбір мемлекеттік мекемеде, әрбір білім ордасында  рәміздерге деген құрметтің жоғары деңгейде болуы – ел ертеңінің берік болуына негіз қалайды. Рәміздер күні – бұл өткенге тағзым, бүгінге тәу ету, болашаққа серт. Ұлт болып ұйысу үшін де, мемлекет ретінде нығаю үшін де әуелі біз өз рәміздерімізді қадір тұтуымыз қажет.

 

 

Еркебұлан Ақболатов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры: Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің берік негізінің бірі. Ту, Елтаңба және Әнұран – әрбір азаматтың бойында мақтаныш пен патриоттық сезім ұялататын киелі нышандар. Рәміздер күнін атап өту  тек салт қана емес, бұл – ұлтқа деген құрмет пен Отанға адалдықтың жарқын көрінісі. Жастарымыз осы құндылықтарды жүрекпен сезініп, әрдайым биік рухта тәрбиеленуі тиіс.  Өйткені олар – біздің ортақ бірлігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы. Мемлекеттік рәміздеріміз әрдайым асқақ болсын!

 

Таңшолпан Қанатқызы, балабақша тәрбиешісі: Отан деген қасиетті ұғым – Ту, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады. Біз тұғыры биік Туымызбен, айбынды Елтаңбамызбен, асқақ Әнұранымызбен әлемге танылдық. Желбіреген көк байрағымыз – халқымыздың қашаннан бері келе жатқан азаттыққа, бейбіт өмірге деген ұмтылысының белгісі. Елтаңбамыз – мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры, тарихи сабақтастығымыздың символы. Ал Әнұранымыз – ел жүрегінен шыққан, жүректерді біріктіретін рухты ән. Бүгінгі таңда қарға тамырлы қазақ халқы тәуелсіз мемлекетте тату-тәтті, бейбіт күн кешіп отыр. Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, сан ғасырлық күресінің жемісі. Қасық қаны қалғанша күресіп, бізге мұра еткен ұлы даламызда өмір сүру, еңбек ету – зор бақыт әрі қасиетті жауапкершілік.

Толқын Құрманғалиева, кітапханашы: Мемлекеттік рәмізді  қастерлеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі. Ел Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау үшін біз оның нышандарын қадір тұтып, ұрпақ бойына сол құндылықтарды сіңіруіміз қажет. «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі — көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары барлығымызға таныс. Осы бір ауыз сөздің астары қаншама құндылықты сипаттайды десеңізші?! Туымыздың тұғырынан түспей желбіреп тұруы кез келген осы елдің азаматына ұлттық рух береді. Көк Туымыз – көгімізде, Елтаңбамыз – төрімізде, Әнұранымыз – жүрегімізде. Бұл – біздің бірлігіміздің, елдігіміздің және мәңгілік Тәуелсіздігіміздің белгісі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз