Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы 6,3 млн. электронды цифрлық қолтаңба берілген. Электронды үкімет порталының қызметтерін онлайн алуға мүмкіндік беретін кілт иелерінің белсенділігін ХҚКО-а келушілер санының азаюынан байқауға болады.  Мәселен, үстіміздегі жылдың 10 айында мемлекеттік корпорация тарапынан 24,4 млн қызмет көрсетілді. Бұл  көрсеткіш былтырғы жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 4 млн-ға немесе 16,4% азайса, қызметтерді өз бетінше алғандардың үлесі 3,7 млн-ға көбейген.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді, -деп хабарлайды  корпорацияның баспасөз қызметі.  «Халықтың цифрлық сауатының артуына былтырғы жылы барлық облыстарда ашылған Цифрлық қызмет көрсету орталықтары әсер етті деп ойлаймын. Біз ол орталықтарда электронды үкімет порталын пайдалануды үйрететін курстар ұйымдастырдық. Қызметкерлеріміз әр облыс, қала, аудандарда 73 мың семинар-лекция өткізіп, электронды қызметтерді алуды үйренгендерге 1,3 млн сертификат табыстады», – дейді басқарма төрайымы.

Цифрлық ХҚКО-ың ерекшелігі – «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының болуында. Бұл – фронт-офис қызметін трансформациялау тұжырымдамасы аясында енгізілген жаңашылдық. Оған сәйкес фронт-офистің 60% – өзіне-өзі қызмет көрсету, 40% – операторлар қызмет көрсететін аймақтан тұрады. Биыл еліміздегі барлық «Connection point» секторында 13 милионнан астам азаматқа түсіндірме-кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 млн-ға артық көрсеткіш.

 Мемлекеттік корпорация қызметкерлері, сондай-ақ көшпелі акциялар ұйымдастырып, әскери бөлім, емхана, мемлекеттік органдар қызметкерлерін оқытып, колледждер мен ЖОО студенттеріне egov.kz-пен жұмыс істеуді үйретті.

Жоспар бойынша 2020 жылы тағы бір цифрлық ХҚО Алматы қаласында ашылады, ал egov.kz-пен жұмыс істеу дағдыларын 1,4 млн азаматқа үйрету көзделіп отыр.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK