Талдыкорғанда халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шараны Жетісу облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы Талдыкорған қаласының әкімдігі және қалалық емханамен бірлесе ұйымдастырды.
Акция қаладағы халық көп жиналатын «Атамекен» және «Мактуб» сауда-ойын-сауық орталықтарында, «SMALL & Skif» супермаркетінде және Technodom техника дүкенінде өткізілді. Осы жерлерде арнайы «Денсаулық аралы» құрылып, қала тұрғындары тегін экспресс-тексеруден өтіп, МӘМС жүйесі туралы пайдалы ақпарат алды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа МӘМС жүйесінің мүмкіндіктерін түсінікті тілде жеткізу. Қатысушыларға жарналарды төлеу тәртібі, жыл сайынғы скринингтердің пайдасы, сақтандыру мәртебесін тексеру жолдары мен пациенттердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Сонымен қатар, келушілерге келесі тақырыптарды қамтитын ақпараттық брошюралар таратылды:
- МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлері;
- Медициналық көмекті алу тәртібі;
- Жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар.
Қала тұрғындары қор мамандарымен ашық форматта сөйлесіп, қызықтырған сұрақтарын қойып, МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндірме алды. Мұндай ашық әрі бейресми кері байланыс акцияның тиімділігін арттырды.
«Интерактивті форматтағы түсіндіру жұмысы халықтың МӘМС жүйесіндегі құқықтары мен мүмкіндіктерін жақсы түсінуіне көмектеседі. Біз тек сақтандыру мәртебесінің артықшылықтарын айтып қана қоймай, адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандырамыз», – деді қор филиалының директоры Иван Самойленко. Келушілер кеңес алумен қатар артериялық қысымды өлшеу, қандағы қант деңгейін тексеру, көзішілік қысымды өлшеулерден тегін өтті.
Талдыкорған қалалық емханасының білікті мамандары жедел диагностика жүргізіп, аурулардың алдын алу бойынша кеңестер берді. «Осы жерде, дәл қазір» қағидаты бойынша ұйымдастырылған тексерулер қала тұрғындары көңілінен шықты.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы





























