Суретті түсірген А.Нұршанов

Оқушылар сарайында  Талдықорған қаласы әкімдігі,  қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер –елдігіміздің белгісі» атты  тақырыпта ҚР мемлекеттік Рәміздерін насихаттау мен пайдалану бойынша семинар-кеңес өтті. Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы  Т.Ахажан, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев, мемлекеттік мекемелер, жоғары және кәсіптік білім беретін оқу орындарының басшылары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, Талдықорған қаласы әкімінің жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Шара мемлекеттік Гимнді орындаумен басталды.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы баяндама жасады.

«Құрметті әріптестер! Мемлекеттік нышандарымызды құрметтеу және талапқа сай пайдалану барша азаматтардың басты міндеттерінің бірі. Алайда, осы құндылықтардың аясында орындауға тиісті міндеттерді көпшілігіміз біле бермейміз немесе атүсті қарайтынымыз бар. Осындай олқылықты болдырмас үшін бүгін арнайы семинар ұйымдастырылып отыр. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн сипаттамалары және ресми пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңмен белгіленген.  Мәселен, бұрын «Менің Қазақстаным» ретінде танымал болған ән 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Гимні болып бекітілді.  Қазақстан Республикасының мемлекеттік  Туы мен Елтаңбасы міндетті түрде және тұрақты негізде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің ғимараттарында, сондай-ақ білім беру орындары басшыларының қызмет бөлмелерінде,  сондай-ақ, мәжіліс залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, сондай-ақ әртүрлі іс-шаралар өтетін залдарға қойылады»,- деді  қалалық ішкі саясат бөлімі ММ басшысы.

Суретті түсірген А.Нұршанов

Қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Ахажан, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев мемлекеттік нышандарымызды құрметтеу  маңыздылығына тоқталды. Каратэден әлем және Азия чемпионы Мерей Сүйінов, әлемдік деңгейдегі жарыста бірінші орын алған кезінде, еліміздің Гимні бұрынғы мәтінмен қойылып кетеді. Бұған шыдамаған ол сол жерде ұйымдастырушыларға айтып мемлекетіміздің Гимнін  жаңа мәтінге ауыстыртады. Міне, нағыз елжандылық.

Семинар соңында бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары Алғыс хатпен марапатталды. Рәміздерді қолдану мен насихаттауға жауапты тұлғалар үшін арнайы буклеттер таратылды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK