Қала әкімі Ернат Бәзіл қала аумағында қарқынды жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен, «Бірлік» шағын ауданында қызу жүріп жатқан сквер құрылысының барысымен танысты. Бұдан кейін көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бақылап, «Құлагер» шағын ауданындағы жаңа саябақтың жұмыс қарқынын бағамдады.
Қала әкімі жауапты мердігерге жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаға ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, әкім «Береке» коттедж қалашығында қайта жаңғыртылып жатқан тұрғын үйлердің жай-күйімен танысып, бірқатар мәселелерді пысықтады.
Одан бөлек, Ернат Дүйсенбекұлы іргетасы қаланып жатқан көркем гимнастикаға арналған спорт кешенінің құрылыс барысын да көрді.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
— Биыл қаламызда салынып жатқан құрылыс нысандарының саны артты. Олардың басым бөлігі – халық игілігіне бағытталған жобалар. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 70 шақырымнан астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, қаланың көптеген аумағында ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жалғастырамыз, — деді.
Сапар соңында қала басшысы орташа жөндеу жұмыстары басталған Рүстембеков және Гагарин көшелеріне барып, жөндеу барысында барлық техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























