Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Өтенай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары жол инфрақұрылымын жақсарту, түнгі жарық, ауыз су және кәріз жүйесіне қосылу, сондай-ақ қоғамдық көлік санын арттыру сынды маңызды мәселелерді көтерді.
Қала басшысы әрбір сұраққа мұқият назар аударып, тұрғындардың ұсыныстарына нақты жауап берді. Кейбір өзекті мәселелерді жеке бақылауына алатынын және оларды шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
— Өтенай ауылдық округінде биыл атқарылатын жобалар жеткілікті. Атап айтқанда, «Ынтымақ» және «Жастар 1/1» тұрғын үй алаптарында кәріз жүйесін тарту жұмыстары аяқталды. Енді осы аумақтардың жолдарын ретке келтіру жұмыстарын бастағалы отырмыз. Халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешеміз, — деді.
Айта кетейік, өткен жылы қала әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген бірнеше мәселе өз шешімін тапты. Атап айтқанда, Мойнақ ауылы көгілдір отынмен қамтылса, «Жастар 1/1» тұрғын үй алабы таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, кәріз жүйесі тартылды. Бұдан бөлек, 5 жыл бойы диқандар үшін өзекті болған мәселе каналға су жеткізу ісі шешіліп, бүгінде Өтенай ауылының тұрғындары оның игілігін көріп отыр.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























