Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы жұмыс атқаруда

93
Дереккөз

Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды, онысы бекер. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар – ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, жақын туыстармен бірге тұратын немесе тұрған адамдар, ортақ баласы бар адамдар (балалары) арасындағы қатынастар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы бір адамның екінші адамға (басқаларға) қатысты физикалық және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қатері бар қасақана жасалған заңға қайшы әрекеті (әрекеті немесе әрекетсіздігі).

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері:

— Физикалық — физикалық күш қолдану және күштеп ауырту арқылы денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

— Психологиялық – адамның психикасына қорқыту, қорлау, бопсалау арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту, я болмаса құқық бұзушылықтар немесе өмірге не денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басының дамуын бұзатын әрекеттер жасауға мәжбүрлеу.

— Жыныстық – адамның жыныстық дербес құқығына немесе жыныстық бостандығына қол сұғатын заңға қайшы қасақана жасалатын іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер.

— Экономикалық – адамды заң бойынша құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, бұл туралы үндемей қоймаңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар.

Бүгінгі таңда қалада Талдықорған қалалық полиция Басқармасы, Жергілікті полиция қызметі, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі бар. Сенім телефоны: 8-7282-60-86-17 және 102.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап Алматы облысы бойынша «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» жұмыс атқаруда. Заңгер және психолог маманның кеңесін алу үшін, сенім телефондары: 1301 немесе 8-7282-31-12-33, 31-11-99 Алматы облысы бойынша қоңырау шалу тегін.

Гульвира Иманхатова, Талдықорған ҚПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK