Жарты ғасырлық жолдың жарқын жемісі

236

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың мәдени-рухани дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Ол «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр»-деп мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән беруде екенін атап өтті. Аталмыш жиында ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қатарында Жетісу облысының мәдениет саласының 3 қызметкері де бар. Атап айтқанда, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының актері, көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ал,  Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Талғат Оразаев «Ерен еңбегі үшін» медалі, Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы музейдің директоры Рысжан Аязбаева  «Құрмет» орденіне ие болды. Салтанатты шарада Президент елімізде іргелі мәдениет ошақтары көп екеніне назар аударып, олар талай жылдан бері көрермен қауымға тағылымды қойылымдар ұсынып келе жатқанын жеткізді. Осы орайда Бикен Римова атындағы драма театрға  академиялық мәртебе беру қажет деп санайтынын, бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін береріне сенімді екенін баса айтты. Құрметті әрі жауапкершілікке толы атақты арқалаған театр директоры Ерлік Жуасбек «Биыл – Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры үшін ерекше жыл. Еліміздің мәдени-өнер кеңістігінде өз орнын қалыптастырған руханият ордасына 50 жыл. Бұл – жарты ғасырлық тарих, өнер жолындағы үлкен белес. Жағымды жаңалықтар легі артуда. Күні кеше ғана мәлім болған хабар күллі жетісулықтар, театр ұжымы үшін өте қуанышты жаңалық. Бұл мәртебе театрдың өнер саласындағы биік дәрежесін одан әрмен арттырып, әрі болашақ даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Мерейтой аясындағы марапат театр ашылған сәттен бері еңбек етіп келе жатқан елге белгілі аға-апаларымыздың жылдар бойғы төккен маңдай терінің жемісі деп білеміз. Жалпы 50 жылдық  ғұмырында Би апамыздың атындағы театрдың жеткен жетістіктері орасан зор, атқарылған шарасы мол»-деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз